Еуропада туу көрсеткіші тарихи ең төменгі деңгейге түсті
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы Еуропа Одағында жалпы туу көрсеткіші әр әйелге 1,34 тірі туған баладан тура келді, бұл 2001 жылдан бергі ең төменгі деңгей, деп хабарлайды Kazinform Eurostat дерегіне сілтеме жасап.
ЕО статистикалық қызметінің хабарлауынша, 2024 жылы Одақта 3,55 миллион бала дүниеге келді, бұл 2023 жылғы 3,67 миллион баладан 3,3%-ға аз. Ал туу көрсеткіші 2023 жылы 1,38 болатын.
ЕО елдері арасында ең жоғары көрсеткіш Болгарияда тіркелді. Балқан елінде туу көрсеткіші әр әйелге шаққанда 1,72 баладан тура келді. Кейінгі орындарда Франция (1,61) және Словения (1,52) келеді. Ең төменгі көрсеткіштер Мальтада (1,01), Испанияда (1,10) және Литвада (1,11) тіркелді. ЕО-ның ешбір елінде туу көрсеткіші демографиялық тұрақтылық деңгейіне жеткен жоқ, әдетте халық саны тұрақты сақталуы үшін бір әйелге шаққандағы туу көрсеткіші шамамен 2,1 баладан кем болмауы керек.
Соңғы 20 жылда ЕО-дағы туу көрсеткіші 1,34 пен 1,57 аралығында болып, тұрақтылық деңгейінен ұдайы аз болып келді.
Еуростат өңірлік деректерді де жариялады. Испанияның 16 өңірінде, Польшаның 7 өңірінде, Италияның 5, Грекияның 3, Германия мен Литваның 2 өңірінде бір әйелге бір баладан төмен көрсеткіштер тіркелді. Әсіресе, Испанияның солтүстік-батысында, Испания аралдарында және Сардинияда төмен көрсеткіштер тіркелді.
Сонымен қатар, Болгария мен Францияның 14 өңірінде бұл көрсеткіш 1,75 немесе одан жоғары болды. Германияның, Словенияның, Мажарстанның, Нидерландтардың және Румынияның кейбір аймақтарында да туу көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары.
ЕО-да әйелдердің тұңғыш баласын босану орташа жасы 2024 жылы 29,9 жас болды (Болгарияда 26,9 жас, Италияда 31,9 жас). Одақта туған балалардың шамамен төрттен бірінің анасы Одақ аумағынан тыста дүниеге келген.
ЕО, Франция, Польша және Румыния бойынша 2024 жылғы деректер алдын ала немесе болжамды мәліметтер екенін айта кеткен жөн.
Еске салайық, Оңтүстік Кореяда туу көрсеткіші 26 айдан бері тұрақты өсіп келеді.