Еуропада ультракүлгін индекс жыл сайын 1–2%-ға өсіп келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның Радиациядан қорғау жөніндегі федералдық ведомствосы (BfS) 2013–2022 жылдар аралығында Еуропада ультракүлгін индексінің өсуіне қатысты зерттеу нәтижелерін жариялады. Бұл туралы DW жазды.
Осы кезеңде ультракүлгін индексі орта есеппен 10–20%-ға, яғни жыл сайын шамамен 1,2%-ға өскен. Ультракүлгін сәулелену деңгейі әсіресе Германия, Нидерланд, Ұлыбритания және Словакияда айтарлықтай артқан.
Ведомствоның DW-ге хабарлауынша, Шығыс Еуропада да ультракүлгін индексі өсіп келеді, бірақ қарқыны төменірек. Батыс Еуропадағы сияқты, бұл құбылыс бұлттылық деңгейінің төмендеуімен байланысты болуы ықтимал.
Ал Балтық елдерінде және одан әрі шығысқа қарай ультракүлгін индексінің өсуі айтарлықтай байқалмайды. Себебі бұл өңірлерде бұлтты күндер әлі де көп.
Мәскеуде ультракүлгін индексі жылына шамамен 0,8%-ға артып отыр. Неміс ғалымдары мұны «статистикалық тұрғыдан маңызды өсім» деп бағалайды. Алайда бұл өзгерістің нақты бұлттылықтың азаюына немесе басқа факторларға байланысты екенін әзірге анықтау мүмкін емес.
BfS мамандары күн сәулесінің астында ұзақ уақыт тікелей тұрмауға және күннен қорғану үшін көлеңкеде көбірек болуға шақырды. Бұл күнге күйіп қалудың алдын алуға көмектеседі.
Айта кетейік, 12 тамызда бірнеше елдің тұрғындары сирек кездесетін құбылысты, Күннің толық тұтылуын көрді. Ай Күнді толығымен жауып, күндіз аспанды бірнеше минутқа ымыртқа батырады. Бұл астрономиялық оқиға жылдың негізгі аспан құбылыстарының бірі болады және Персеид метеорлық ағынының шыңымен сәйкес келеді.