Еуропада жаңа Samsung ретінде сатылған миллионға жуық жалған смартфон анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — 2017 жылдан бері Еуропада жаңа Samsung смартфондары ретінде миллионға жуық жалған құрылғы сатылуы мүмкін. Оларды Дубай мен Гонконгтағы шеберханаларда құрастырып, Amazon және басқа да интернет-платформалар арқылы сатқан, деп хабарлайды BILD.

Еуропада жаңа Samsung ретінде сатылған миллионға жуық жалған смартфон анықталды
Фото: Samsung

Тергеу нұсқасына сәйкес, болжамды қылмыстық желі смартфондарды Amazon және өзге де интернет-платформалар арқылы өткізген. Ауқымды операция басталғанға дейін жеті күдікті ұсталған.

Тергеушілердің болжамынша, жалған құрылғылар бұрын қолданылған бөлшектерден құрастырылған. Құрамдас бөлшектер Азия мен араб елдерінен сатып алынып, кейін тазаланып, қайта пайдаланылған.

Смартфондарды Дубай мен Гонконгтағы шеберханалар құрастырған. Дайын құрылғылар жаңа түпнұсқа смартфондардан ажырату қиын болатындай етіп қапталған.

Болжамды схеманың негізгі орталықтарының бірі Германияның Крефельд қаласындағы қойма болған. Құқық қорғау органдары сол жерден жаңа құрылғы ретінде сатуға дайындалған мыңдаған смартфон тапқан.

2017 жылдан бері бұл желі жалған телефондарды сатудан кемінде 300 млн еуро табыс тапқан болуы мүмкін. Тергеу мәліметінше, тек Германияның өзінде схемаға қатысушылар кемінде 24 млн еуро көлемінде салық төлеуден жалтарған болуы ықтимал.

Тергеу деректеріне сәйкес, бұл үшін жалған компаниялар желісі мен шекарааралық ойдан шығарылған жеткізілімдер пайдаланылған.

Бұған дейін телефонды алаяқтардан қорғау үшін ішіндегі 10 баптауды тексерген дұрыс екені туралы жазған болатынбыз.