Еуропадағы мұнай дағдарысы: Макрон Еурокомиссия басшысына үндеу жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенге хат жолдап, Еуропаға дизель отыны мен авиациялық керосин жеткізуді арттыру үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Бұл туралы Euronews жазды.
Өз хатында Макрон Ормуз бұғазының ұзақ уақыт бойы жабық болуы және Таяу Шығыстағы энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдардың қайта күшеюі әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды қиындатып отырғанын атап өткен.
Франция президентінің айтуынша, осыған дейін мұнай нарығындағы тапшылық мұнай өңдеу көлемін арттыру, Азиядағы сұраныстың төмендеуі және жинақталған қорларды пайдалану есебінен өтеліп келген. Алайда бұл мүмкіндіктер біртіндеп таусылып барады. Француз үкіметінің мәліметінше, 22 қыркүйек күні таңертең елдегі жанармай бекеттерінің шамамен 14%-ында отын тапшылығы немесе тапшылыққа жақын жағдай тіркелген.
Макронның бағалауынша, Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық күйде қалып, Сауд Арабиясының «Шығыс–Батыс» мұнай құбыры жұмысын қайта бастамаса, әлемдік нарықтағы мұнай жеткізілімі тәулігіне тағы кемінде 4 млн баррельге қысқаруы мүмкін. Бұл мұнай бағасының күрт өсуіне әкелуі ықтимал. Оның хатында әлемдік мұнай қоры 500 млн баррельден астам азайғаны айтылған.
Франция президенті Еуропаның Таяу Шығыстан импортталатын авиациялық отынға тәуелділігі 36%, дизель отынына тәуелділігі 18% екенін атап өтті.
Тығырықтан шығар жол
Макрон Еуропалық одақ жоғалған шикі мұнай көлемін қысқа мерзімде толық алмастыра алмайтынын, алайда қолда бар шикізат пен мұнай өңдеу қуатын тиімді пайдалану арқылы мұнай өнімдерінің өндірісін арттыра алатынын айтты.
Ол Еуропалық комиссияны отын сапасына қойылатын кейбір талаптарды уақытша жеңілдетуге шақырды. Бұл мұнай өңдеу зауыттарына авиациялық керосин мен дизель отынын көбірек өндіруге мүмкіндік береді.
Макронның айтуынша, отынның тығыздығы, буланғыштығы және күкірт мөлшері сияқты параметрлерді өзгерту жекелеген зауыттарда өндіріс көлемін шамамен 5-20%-ға арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар Франция ЕО аумағында құрамында 10%-ға дейін биоотын бар B10 дизелін кеңінен пайдалануға рұқсат беруді ұсынды. Бұл үшін автокөлік өндірушілерімен бірлесіп, қандай қозғалтқыштардың мұндай отынмен қауіпсіз жұмыс істей алатынын анықтау ұсынылады.
Макронның пікірінше, аталған шаралар геосаяси ахуалдың тұрақтануын күтпей-ақ, Еуропаға отын жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Сауд Арабиясы «Шығыс – Батыс» мұнай құбырының жұмысын қайта бастағаны туралы жаздық.