Еуропадағы аптап ыстық атом стансаларына қауіп төндірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропа елдерінде орнаған аптап ыстық орман өрттеріне және өзен деңгейінің түсуіне алып келіп қана қоймай, бірқатар атом стансаларының реакторларының тоқтауына себепші болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Осылайша, ауа райының салдарынан мемлекеттің электр қуатының 3/4 бөлігін қамтитын және АЭС-тың 59 электр блогын басқаратын франциялық Electricite de France компаниясына өндірісін азайтуға тура келді. Екі реактордың жұмысы тоқтатылды, ал жақын уақытта тағы екеуінің қуатын жартылай азайту жоспарланған, себебі өзен суларының қызғаны соншалық, стансаны суытуға жарамайды.
Бұл жағдай жарық бағасының күрт көтерілуіне алып келді. Өз кезегінде Electricite de France қызметкерлері атом стансаларын бұдан да ыстық ауа райы кезінде жұмыс істеуге дайындайтындарын мәлім етті.