Еуропаға ашылған терезе

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының Президенті Анджей Дуданың шақыртуымен Варшава еліне іссапармен барды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевты Варшавадағы Президент резиденциясы алдында Анджей Дудамен бірге, сол елдің Үкімет мүшелері мен Варшавада орналасқан Ресей, Қытай, Иран, т.б. елуге тарта мемлекеттің елшілері күтіп алып, салтанатты жағдайда қарсы алды.

Еуропаға ашылған терезе

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, мәдени-гуманитарлық салалармен қатар, халықаралық саясаттағы өзекті мәселелер сөз болды, деп жазады «Ана тілі» газеті.

Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Премьер-министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және тағы басқа да делегация өкілдері қатысқан кеңейтілген жиында бірнеше мәселе талқыланып, екі елдің ынтымақтастығын арттыру жолында келіссөздер жүргізілді.
Екі елдің Мемлекет басшылары Қазақ­стан мен Польша арасындағы Эконо­микалық ынтымақтастық туралы декларацияны қабылдап, екі елдің Сыртқы істер ведомстволарының басшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Үкіметінің арасын­дағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы Үкіметаралық, Қазақстанның Даму Банкі мен Польша Ұлттық экономика банкі арасындағы негіздемелік мәні бар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Елбасы Н.Назарбаев Польша Респуб­ликасы Сенатының төрағасы Станислав Карчаевксиймен, осы елдің Премьер-министрі Беата Шидломен кездесіп, іссапар барысында жасалған келісімшарт негізінде жұмыстарды қарқынды жалғастыру қажеттігін тілге тиек етті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Біздің елдерімізді ортақ тарих байланыстырады. Біз Ресейдің екі жағында орналасқан елміз. Польша - Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды, ең жақын әріптесі. Екі елдің арасында екі жаққа да пайдалы көп нәрселер бар. Ең бірінші, ол экономикалық қатынас. Біз Президент мырзамен жеке отырып саяси жағдайларды да, экономикалық мәселелерді де талқыладық» дей келе, алдағы өтетін бизнес-форумнан көп үміт күтетіндігін жеткізді.
Бұдан кейін ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Польша Президенті А.Дуда екі елдің 400-ден астам кәсіп­кері келген Қазақстан-Польша бизнес-форумының таныстырылымына қатыс­ты. Қазақстанның Польшаға экспортында энергия ресурстары, шикізат және химия, көмір өнеркәсібі, қара металлургия, астық пен мақта, т.б. ауыл шаруа­шылығы өнімдері басым болса, Польшадан Қазақстанға жеткізілетін негізгі импорт түрлері - электрлік-тұр­мыс­тық құрылғылар мен жабдықтар, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік тауарлары, жиһаз, т.б. екендігін атап өтуіміз қажет.
Елбасы өз сөзінде Қазақстанда поляк компанияларының қатысуымен құны 100 млн доллар болатын үш жобаның жүзеге асырылып жатқандығын, елі­мізде 100-ден астам кәсіпорынның жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанды поляктардың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі қызықтыратынына тоқталып, мемлекетімізде шағын және орта биз­несті дамытушы азаматтарға қолдау көр­сетілетінін жеткізді.
«Кәсіпкерлерге көмектесу үшін бизнеске қолайлы жағдайлар туғызуға бағытталған ұлттық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлерге атаулы көмек көрсететін «Даму» атты кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры жұмыс істейді. Бізді сіздердің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік және логистика, энергетика, фармацевтика салаларындағы тәжірибелеріңіз қызықтырады. Мен екі елдің бизнес өкілдерін қызықтыруы мүмкін бірнеше саланы ғана атап өттім. Бұл ретте Польша үкіметі қабылдаған Перспективалы нарықтарды игерудің 2013-2016 жылдарға арналған бағдарламасының әлеуетін белсендірек пайдалану қажет. Онда Қазақстан Бразилия, Канада, Түркия және Алжирмен бірге перспективалы бес экономикалық нарықтың бірі ретінде көрсетілген. Бұдан бөлек, Польшада біздің елмен бірқатар саладағы ынтымақтастық туралы арнаулы бағдарламалар жүзеге асырылуда» деді Н.Назарбаев.
Іссапар барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Польшаның Краков, Варшава, Познань секілді ірі қалаларында білім алып жатқан қазақстандық жастармен кездесіп, олардың алған білімдерінің нәтижесін туған жерлерінде көрсетуге, еліміздің дамып-көркеюіне жұмсауына шақырды.
Кездесу соңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Польшаға жасаған сапары жайында БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Польшаны Қазақстан үшін Еуропаға ашылған терезе деп санайтынын алға тартты. Еуропадағы ірі мемлекет шағын және орта бизнесті жедел түрде жолға қойғандығы елдегі жетіс­тіктердің бірі екендігін атап өтіп, осы салада тәжірибе алмасуға ша­қырды. Сондай-ақ фармацевтика өндірісі, құрылыс саласына көңіл аударып, екі ел арасындағы көлік жолдарын қамтамасыз ету қажет­тігін, әуе қатынасы жолдарын ашудың маңыз­дылығына тоқталды. Екі ел арасындағы ын­тымақтастық біріккен жұмыстардың нәтижесі екендігі айқын.
***
Польша мемлекетінен кейін Елбасы Н.Назарбаев Белград қаласына іссапармен келді. Сапар аясында Сербия Президенті Томислав Николичпен бірқатар келіссөздер жүргізіп, екі жақты құжаттарға қол қою көзделген. Сонымен қатар Қазақстан басшысы Сербия Премьер-министрі Александр Вучичпен, Сербия Патриархы Иринеймен кездесіп, Белград қаласындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің ашылу салтанатына қатысады деп жоспарланған.