Еуропалық дипломатия басшысы ЕО мен АҚШ қарым-қатынасы жайлы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа астанасында Еуропалық одақ пен АҚШ арасындағы трансатлантикалық қатынастарды талқылауға арналған «Брюссель форумы» өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

США и Евросоюз
Фото: Нова агенттігі

Герман Маршалл қорының сараптамалық алаңында сөйлеген сөзінде ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас Еуропалық одақтың АҚШ-пен трансатлантикалық байланыстарға адал екенін, бірақ бұл Одақтың жаңа жаһандық серіктестіктер қалыптастыруына кедергі болмауы тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Еуроодақ Вашингтонмен арадағы қатынастарды жоғары бағалайды, алайда Еуропа өз жаһандық әріптестіктерін әртараптандыру үшін туындап жатқан мүмкіндіктерді пайдалануы қажет.

— Біз америкалықтармен қалыптасқан қарым-қатынасты әлі де бағалаймыз. Бірақ бұл бізге басқа байланыстарды орнатуға кедергі болмауы керек, — деді Каллас.

ЕО өкілі Еуропаның көптеген ел үшін сенімді серіктес екенін және бұл жағдай ЕО-ға геосаяси ұстанымын нығайтуға «ерекше мүмкіндік» беретінін айтты.

Кая Каллас Еуропаның АҚШ-тан алыстап бара жатқаны туралы пікірді жоққа шығарып, екіжақты қатынастардың өзгеруін «жетілу белгісі» деп атады.

— Біз америкалықтармен алыстап жатқан жоқпыз, керісінше, қарым-қатынасымыз дамып жатыр. Біздің басқа да достарымыз бар, — деді ол.

Бұған дейін Кая Каллас Silk Way телеарнасына берген сұхбатында Еуропалық одақ Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды әріптес ретінде қарастыратынын және энергетика, сауда, экологиялық тұрақтылық пен білім беру сияқты маңызды салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар