Еуропалық инвестициялық банк Алматыда бірқатар жобаларды жүзеге асыруға ниетті
АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Алматы әкімі Ахметжан Есімов Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) өкілдерімен кездесіп, келіссөз жүргізді,
деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Еуроодақ тарапынан қазіргі уақытта Орталық Азия елдерінде энергетикалық, көлік инфрақұрылымы, экология саласы бойынша 1 миллиард еуро көлемінде инвестициялдық жобаларды қаржыландыру қарастырылуда. Осы бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 10 сәуірде Бельгия сапары барысында Қазақстан мен ЕИБ арасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Осы келісім негізінде, инвестициялық жобалар топтамасын қалыптастыру мақсатында елімізге келген ЕИБ өкілдері Алматыға ат басын бұрып, бірқатар мәселелерді талқылады. Шет елдік қонақтар Алматыға қызығушылықтары барлығын атап өтіп, энергосақтау, экологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша біріккен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Кездесу барысында Алматы әкімі ЖЭС-терді газға ауыстыру, су шаруашылығындағы модернизациялау, энергосақтау мен қоғамдық көлікті дамыту мәселелері бойынша жоспарларымен бөлісті. «ЕИБ-пен әріптестік біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. Бізде нақты жобалар бар. Сондықтан нақты іс-шараларға көшуге дайынбыз», деді қала әкімі.