Еуропалық одақ журналистер арасында байқау жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы құрметіне қазақстандық журналистер арасында байқау өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еуроодақ - Қазақстан: серіктестік пен ынтымақтастықтың 25 жылдығы» атты кәсіби халықаралық тағылымдамаға байқау жарияланды.
Байқау Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастарды кеңейтуге және нығайтуға, Қазақстанның медиа-кеңістігінде Еуропалық одақ туралы ашық диалогты қалыптастыруға бағытталған.
Әділ қазы алқасы құрамына ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық одақ өкілдігінің елшісі Траян Христеа, Қазақстан Республикасындағы ЕО Өкілдігінің баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова, «Қазамедиа орталығының» стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бас директор орынбасары Ерлік Қаражан және «Қазамедиа Орталығы» медиа мектебінің директоры Махаббат Есен енді.
Байқау қорытындысы бойыншаүздік 3 жеңімпаз Брюссельдегі ЕО институттары мен медиа-пулын зерттеуге арналған бір апталық тағылымдамаға қатысады. Олар Еуропалық Комиссияның күнделікті брифингтеріне қатысып, ЕО институттарының ішкі жұмыс механизмін көре алады, сондай-ақ, 2018 жылы өтетін «Қазмедиа медиа-мектебінің» байқауына қатыса алады.
Байқауға журналистердің Еуропалық одақ пен Қазақстан ынтымақтастығының өзекті тақырыптарына арналған жұмыстары қабылданады.
Оған қатысу туралы өтінімдер 30 сәуірге дейін қабылданады.