Еуропалық Одақтың эксперттері тұрмыстық зорлықтың алдын-алу тәсілдерін Қазақстандық полицейлерге оқытуда
АЛМАТЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда құқық қорғау органдарының тұрмыстық зорлықпен күрес қызметін қолдау бойынша өз жұмысын бастаған тренингте тұрмыстық зорлықтың алдын-алу және онымен күрес мәселелері талқылануда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш тренинг Еуропалық Одақтың қолдауымен өтуде. Оған Қазақстанның ішкі істер органдарының қызметкерлері қатысуда.
«Полицейлер билік өкілдері болып саналғандықтан, олармен тығыз ынтымақтастықтың біз үшін маңызы зор. Бұл қарым-қатынастың механизмін біз ұзақ жыл құрдық, ал бүгінгі тренинг болашақтағы ынтымақтастыққа мақсатталған. Бүгін тренинг барысында біздің ішкі істер органдарының қызметкерлері Голландияның тәжірибесімен танысады. Менің пікірімше, Голландияның тәжірибесі пайдалы, өйткені, тұрмыстық зорлықпен күрес бойынша олар жақсы көрсеткішке жеткен. Сондықтан, біз үшін голландиялық полицейлердің тәжірибесін үйрену, әдіс-тәсілдерін меңгеру маңызды», деп атап өтті «Құрбылар» дағдарыс орталығының президенті, тұрмыстық зорлық саласының эксперті Надежда Гладырь. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын отбасы-тұрмыстық қатынас мәселелерінен 500-ден аса әйелдер дүниеден өтеді.
Тренинг барысында ол «тұрмыстық зорлықтың алдын-алу бойынша» ҚР Заңы 2010 жылдың қаңтар айының 1-нен бастап заңдық күшіне енгендігін еске салды.
Нидерланд елінен келген полицей Гидеон Хаустың айтуынша, оның елінде тұрмыстық зорлық - бұл қауіпсіздік мәселесі, мұнда маңызды рөл атқаратын біздің полицейлер мен сот және жергілікті билік органдарының рөлі зор. «Тұрмыстық зорлықтың әлеуметтік мәселе екенін, ашық айтып, шешу жолдарын әр түрлі деңгейде қабылдау керектігін түсінгендіктен, бізде әр түрлі жобалар мен бағдарламалар қабылданды», деп атап өтті шет елдік полицей Гидеон Хаус.
Тренингке қатысушылар голландиялық ұйымның жұмысымен танысты.
Еуропалық Одақтың Нидерландиядағы Хивос гуманистік институтының және «Құрбылар» дағдарыс орталығының «Әйелдерге қатысты зорлықпен күрес бойынша құқық қорғау органдары қызметін күшейту» жобасы 2008 жылдың маусым айынан бері іске асып келеді. Бұл жобаны іске асыруға 180 000 еуро қаражат бөлінген.