Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі тағайындалды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Словакия СІМ Мемлекеттік хатшысы Петер Бурианның Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі ретінде ұсынылған кандидатурасы мақұлданды. Бұл туралы ЕО Кеңесі Сыртқы істер министрлерінің жиынында ЕО-ның Шетел істері және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини хабарлады.
«Петер Бурианның тағайындалуы ЕО-ның Орталық Азиямен ынтымақтастығының жалғасып жатқандығын растайды, яғни заңның үстемдігі, қауіпсіздік, энергетика, сумен жабдықтау, білім беру, адам құқығы сияқты негізгі мүдде бойынша терең өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді», - деді Могерини.
Еуропалық дипломатия басшысы Еуроодақ әсіресе, Ауғанстан сияқты елдерде демократиялық жолды қамтамасыз етудегі саяси өтпелі үдерісті қолдауды жалғастыратынын айтты. Петер Буриан қазіргі уақытта Словакияда СІМ мемлекеттік хатшысы лауазымын атқарады, бұдан бұрын Словакияның АҚШ-тағы және БҰҰ-дағы елшісі, НАТО-дағы тұрақты өкілі болған.