«Еуропалық өреден - Еуразиялық өлшемге» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Мамырдың 18-і. /ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 18-інде, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Еуропалық өреден - Еуразиялық өлшемге» - республикалық басылымдарға шолу

«Өткен апта еліміз үшін көкейкесті мәселелердің көмбесіне айналғаны ақиқат. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен әріптес елдердің парламентшілерін Қазақстанда тоғыстырған Трансазиялық парламенттік форумы «ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі» тақырыбын текке күн тәртібіне шығармаған. Көтерген мәселелерін ақтаған форумда ЕҚЫҰ-ның еуропалықтан еуразиялық сипатқа ие болып келе жатқаны сәт сайын аңғарылды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Еуропалық өреден - Еуразиялық өлшемге» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, парламентшілердің ашық пікірталасы барысында сөз алған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Ауғанстан жөніндегі арнаулы төрағасы, Франция Ұлттық ассамблеясының депутаты Мишель Вуазен Орталық Азия елдерінде су ресурстары осы уақытқа дейін нашар басқарылып келгендігін алға тартқан. Мақта, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру барысында су қорлары ластанып, бей-берекетсіз пайдаланылғанынан хабардарлығын білдірген. Қазақстанның оңтүстік астанасында өткен алқалы жиын жайында егжей-тегжейлі мағлұмат алғыңыз келсе басылымның бүгінгі нөміріне назар аударыңыз.

Осы басылымның ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қысқа мерзімді демалысқа шықты.

Кеше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Ауғанстан Ислам Республикасына ресми сапары басталды. Сапар барысында Ауғанстан президенті Хамид Карзаймен, Сыртқы істер министрі Залмай Расулмен, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының сол елдегі арнайы өкілі Стефан Де Мистурамен, Еуропа Одағының арнайы өкілі Вигаудас Ушацкаспен кездесулер жоспарланған. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Халықаралық шаралар тізбегі» атты мақаласында айтылған. Сондай-ақ басылымның жазуынша, мамырдың 23-і мен 26-сы аралығында Түрік Республикасының президенті Абдолла Гюль Қазақстанға ресми сапар жасайды. «Сапар шеңберінде Абдолла Гюльдің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен екіжақты келіссөздері күтілуде. Солардың барысында екіжақты қатынастар және халықаралық аренадағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланбақ», деп жазады басылым.

«Дұрыс даму үшін дұрыс жоспарлау керек». «Егемен Қазақстан» газетінің сейсенбілік нөмірінде осы тақырыппен басылған мақалада кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобровтың жетекшілік етуімен Үкімет сағаты өткендігі жазылған. «Елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы туралы» тақырыбы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндама жасаған. Жарияланымда министрдің «Ел Президенті қойып отырған мақсаттар шынында да ауқымды. Өйткені, ол бірден үш бірдей міндетке қол жеткізуге бағытталған. Біріншісі - индустрияландыру. Екіншісі - үдемелі индустрияландыру, ол Қазақстанның келешектегі даму перспективасына айтарлықтай серпін бермек. Үшіншісі - инновациялық индустрияландыру. Бұл тұста әңгіме еңбек өнімділігі мен жаңа технологиялар бірінші кезекке шығарылатын жаңа экономикалық сана туралы болып отыр. Көп­еген елдерде индустрияландыру үдерісі бірнеше кезеңдерден тұрды, алайда бізге бұл үш міндетті де таяу бес жыл ішінде шешу қажет», деген сөзі келтірілген.

***

«Алматы үстіндегі № 6 көлдің жағдайы жаяу бақылау арқылы қадағаланып, оған қатысты мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, селге төзімсіз учаскелердің барлығында байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген қосымша бақылау тұрақтары орнатылды. Мұздықтардағы көлдерді дер кезінде босату жұмыстарына дайындық қолға алынды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Мәметова мұздығындағы көл қатаң бақылауға алынды» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Мамандардың мәліметінше, «Қазселденқорғау» мекемесінің қызметкерлері жыл сайын, жаз мезгілінде №6 көлдің толып кетпеуіне жол бермеу шараларын жүргізеді. Арнайы арық бойынша көлден 15 мыңнан 20 мың текше метрге дейін су шығарылады. «Медеу шатқалындағы сел тоқтатқыш плотина қазіргі уақытта 12,5 млн текше метр су жинай алады. Демек, бұдан Алматы қаласына ешқандай қауіп жоқ», - дейді мамандар.

«Күлтегін» ескерткішінде бірде-бір емлелік қатенің кездеспеуі бүгінгі түркітанушы ғалымдарды таңдандырып отыр. Мұның себебін сол кездегі мәтін әзірлеушілердің өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарағандығынан деп түсінуге болатын сияқты». Бұл пікірді «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Дат!» айдарында сұхбат берген филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Алтай Аманжолов білдіріпті. «Ислам діні мен Тәңіршілдікті бір-біріне қарсы қойып ешкім абырой таппайды» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның сейсенбілік нөмірінен оқи аласыздар.

«Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында бүгінде 62526 тарихи жәдігер бар. Соның ішіндегі Кенесары ханның қылышы елдің назарын өзіне ерекше тартады. Алайда...», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Сұраулы мәнде тұрған сөздің анық-қанығын басылымның бүгінгі санындағы «Мұражайдағы қылыш кімдікі?» деген мақаладан біле аласыздар.

***
Кеше Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев депутаттар алдында жыл сайынғы есебін таныстырған. Осыған орай «Айқын» газетінде «Өксікбаевтың өкпесін кім түсінеді?!» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Қос шатырлы Парламенттегі қалаулыларға жыл сайынғы өз есебін таныстыруға келген Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев өткен жылы шенеуніктердің анау-мынау емес, жалпы сомасы 254,3 миллиард теңгеге бара-бар заң бұзушылыққа жол бергендігін жария еткенде, депутаттардың өзі жаға ұстады. «Жабулы қазан күйінде жатқан осынау төбе шашты тік тұрғызар жөнсіздіктер Өксікбаев «жауынгерлерінің» ревизиялық тексерістері кезінде әшкереленіпті», деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сейсенбілік қонағы - техника ғылымдарының докторы, Ә.Бектұров атындағы «Химия ғылымдары институты» АҚ-ның вице-президенті Өмірзақ Жүсіпбеков. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын «Химиктер аграрлық саланы инновациялауға кірісті» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінде белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлымен арадағы сұхбат «Әуезовті қалқан етіп қоймасам, аяғымды бастырмайтын еді» деген тақырыппен жарияланды. Басылым тілшісінің барлық сауалдарында тұщымды жауап берген ғалым сөз орайында «Абайдың «толық адам» ілімі батыста да жоқ, шығыста да жоқ. Тұран жерінде, қазақ жерінде пайда болған ілім. Оның арғы көзі әл-Фарабиде жатыр. Түсінікті тілмен айтқанда, «парасатты адам». Одан кейін 1069 жылы Шуда жазылған «Құтадғу білік» деген еңбекте кездесетін төрт кейіпкер «жуанмәрттілік ілімінің төрт негізі екен, оны кейін білдік», дейді.

***

«Время» газетінің жазуынша, Саран қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ына қарасты Күзембаев атындағы шахта жұмыс жер асты өртінің қауіпсіздігіне байланысты тоқтатылған. «Оқиға сенбі күні кешкісін орын алды. Бөлшектеу лавасының жоғарғы жағында 560 метр белгісінде көміртегі тотығының (СО) концентрациясы шамадан 0,1-0,2 пайызға көтеріліп кетті. Шахтадан шұғыл арада 162 кенші қауіпсіз жерге көшірілді. Төтенше жағдайдың алдын алуға 50 маман мен 13 техника жұмылдырылды», деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Маңғыстауға жұмыс сапарымен келіп Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жағалау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған жұмыс тобының көшпелі отырысын өткізген. Мақаланың толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.