Еуропалық сапа менеджменті қорының Жетістікті мойындау саласындағы сертификаты Астана әкімдігіне тапсырылды

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 19 желтоқсанда Брюссельдегі Еуропалық сапа менеджменті қорының (EFQM) штаб-пәтерінде Астана қаласының муниципалитетіне (әкімдігі) Жетістікті мойындау саласындағы сертификатын табыс ету салтанаты болып өтті.

Еуропалық сапа менеджменті қорының Жетістікті мойындау саласындағы сертификаты  Астана әкімдігіне тапсырылды

Елорда әкімдігі ресми сайтының мәліметіне қарағанда, салтанат барысында EFQM бас директоры Пьер Каше Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановқа сертификатты табыс етті. Жетістікті мойындау саласындағы EFQM Сертификаты Қазақстан елордасы әкімшілігінің өз қызметінде Еуропада таралған басқару сапасының стандарттарына сәйкес болуға ұмтылатындығын дәлелдейді, деп атап өтті П. Каше.

Осылайша, Астана қаласының әкімдігі Еуропалық сапа менеджменті қорының сертификатына ие болған Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік мекеме атанды. Дәстүр бойынша EFQM сертификатына коммерциялық кәсіпорындар ие болады, бірақ соңғы жылдары EFQM-нің іскерлік жетілдіру моделі бұқаралық сектор мекемелеріне, соның ішінде мемлекеттік басқару саласында да қолданылып жүр. 2008 жылы EFQM сертификатын Түркияның Бурса қаласы, Польшаның Джержониов қаласы 2010 жылы, ал 2011 жылы Испанияның Киудад қаласы алды.

Салтанатты рәсім барысында Астана қаласының әкімдігі EFQM табысты еуропалық ұйымдарының қатарына қосылды деп атап өтілді. Бұл оның имиджіне оң әсер етері сөзсіз.

«Біз үшін соңғы бір жыл бойы Әкім аппаратында және әкімдік басқармаларында Жетілдірудің фундаменталды тұжырымдамаларын, Жетілдіру критерийлерін енгізу, сондай-ақ мемлекеттік орган қызметкерлерінің жұмысын бағалауға арналған РАДАР құрылғысын қолдану үлкен міндет жүктеді», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Е. Қожағапанов.

Астана қаласы әкімдігінің сапа менеджментіне бағалауды EFQM мүшелері асессорлар Тадеуш Бучаш, Адриано Ручини, Азат Әбдірахманов, Олег Кайназаров жүргізді. Олар Қазақстан елордасы әкімінің аппараты мен 11 қалалық басқармалар мен құрылымдардың жұмысын зерттеп, Қор жасақтаған әдістемеге сәйкес 9 критерий бойынша сараптама жасады, Олар: көшбасшылық; стратегия; қызметкерлер; әріптестік және ресурстар; үдерістер, өнім және қызметтер; тұтынушылар үшін нәтижелер; қызметкерлер үшін нәтижелер; қоғам үшін нәтижелер; негізгі қорытындылар.