Еуропалық шенеуніктер содырлардың Шешенстан парламентіне шабуылын айыптады

БРЮССЕЛЬ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуропалық шенеуніктер содырлардың Шешенстан парламентіне шабуылын айыптады. Бұл туралы Еуропалық Парламенттің төрағасы Ежи Бузек пен Еуропалық одақтың Шетелдік істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон таратқан мәлімдемелерде айтылды.

Еуропалық шенеуніктер содырлардың Шешенстан парламентіне шабуылын айыптады

Еуропарламент басшысының мәлімдемесінде «Мен Шешенстаннан келіп түскен хабарларға өте алаңдаулымын. Мен лаңкестердің шешенстандық парламентке шабуылын үзілді-кесілді айыптаймын. Қарсылықтың түрі ретінде қандай жағдайда да зомбылық пен адам өлтіру ешқашан да абырой әпермейді», делінген.

Бұдан басқа Еуропарламент төрағасы осы жылғы қазанның 21-інде Страсбургтегі жалпы сессияның ауқымында оның айтуынша, «шиеленіс өсіп, заңсыздық пен тұрақсыздық белең алған» Солтүстік Кавказдағы жағдай бойынша пікірсайыс өтетінін хабарлады.

Өз кезегінде ЕО жоғарғы өкілі К.Эштон да Шешенстан Парламентіне лаңкестер шабуылын толқу үстінде қабылдаған. «Ешқандай жағдай лаңкестердің зомбылықты қолдануын ақтай алмайды. Біз халықаралық лаңкестікке қарсы күресте Ресеймен ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенімізді қуаттаймыз», делінген таратылған мәлімдеме мәтінінде.

Бұдан бұрын ҚазАқпарат, сейбенбі күні Шешенстан Парламентінің ғимаратына төрт содыр басып кіріп, бірнеше жарылыс жасағанын хабарлаған болатын. Шаубылшылардың екеуі өздерн жарып жіберді, соның салдарынан парламенттің төрт қызметкері қазаға ұшырады. Бұдан басқа құқық қорғау органдарының төрт қызметкері жараланды. Парламент ғимаратына милиция мен армия күштері тартылды. Шешенстан ІІМ-нің хабарлауынша, арнайы операция барысында барлық лаңкестер жойылған.