Еуропалық және қазақстандық онкологтар қатерлі ісік скринингі жобаларын іске асыруда

АСТАНА.  7 қыркүйек. ҚазАқпарат -  Еуропалық онкология мектебі мен Қазақстанның онкологиялық қызметі бірлескен жобалар іске асыруда.

Еуропалық және қазақстандық онкологтар қатерлі ісік скринингі жобаларын іске асыруда

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Онкологтар мен радиологтардың VII съезі барысында Қатерлі ісікпен күрес жөніндегі халықаралық одақтың құрметті президенті Франческо Кавалли рm.kz сайтына берген сұхбатында мәлім етті.

«Еуропалық онкология мектебі Қазақстанның онкологиялық қызметімен бірлесіп 2 жоба жүргізуде. Қазір сүт безінің қатерлі ісігі мен тоқ және тік ішек қатерлі ісігінің скринингі бойынша нұсқаулық жасалуда»,- деді Франческо Кавалли.   Оған қоса, Еуропалық онкология мектебінің өкілдері Қазақстанға тәжірибеге алмасуға келіп тұрады, қазақстандық онкологтар мен радиологтар да Еуропаға тағлымдамадан өтуге жиі барады.  «Онкологиялық қызметке келер болсақ, сіздердегі база жақсы. Бірақ ірі республикалық орталықтардың өңірлік онкодиспансерлермен және орталықтармен ынтымақтастығын әлі де жақсарта түсу керек»,- дейді Ф. Кавалли.

Ол сондай-ақ, Қазақстанда білікті мамандар жұмыс істейтінін айта келіп, науқастарды жақсырақ емдеу үшін дәрігерлердің онкология проблемаларын көбірек талқылаулары керектігін баса атап көрсетті.