Еуропаның үздік клубтарында ойнағым келеді – атыраулық қақпашы қыз

Дильназ
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 8-сыныпта оқитын қыз ұлдар командасының қақпасын қорғап жүр. 

Бұл өңірде футболдан қыздар командасы құрылмаған. Бірақ «Real­SportAcademy» ұлдар командасының қақпасын қорғайтын қақпашы қыз бар. Аты-жөні – Дильназ Барсаева.

Ол бес жасынан футболға қызып, ұлдармен бірге доп ойнай бастаған. Төрт жыл бұрын «RealSportAcademy» футбол клубының құрамына алынған.

«Қыздардың қызығушылығы өзгеше болады ғой. Менің аңсарым футболға ауды. Мақсатым – бұқаралық спортты, оның ішінде футболдың қыздарға жат емесін дәлелдеу. Әрине, жетістікке жетуді көздеп жүрмін. Бұл ойыма әкем-шешем қолдау білдірді», - дейді Дильназ Барсаева.

Дильназ
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қақпашы болу оңай емес. Өйткені, команданың жеңісі де, жетістігі де соның шеберлігіне де байланысты болады. Соны санасына сіңірген Дильназ қақпаны қорғаудың қыр-сырын үйреніп жүргенін айтады. 

«Жаттығу кезінде допты ұстау техникасына мән беремін. Тіпті қақпаға тебілген доптың траекториясын білу керек. Құлауды үйреніп алдым. Ең бастысы, жылдамдық пен қырағылық танытуда қателеспеген жөн», - дейді қақпашы қыз.

«RealSportAcademy» футбол клубының жетекшісі Берік Мұратәліұлының айтуынша, Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен 2021 жылы жеке клубтардың республикалық лигасы құрылған. Футбол клубының қақпашысы Дильназ Барсаева былтыр аталған лигада үздік қақпашы атанды.

«Футбол клубының Instagram парақшасына «Қыздарды қабылдайсыздар ма?» деген пікір жазылды. Оны Дильназ жазған екен. Алғашында таңданғаным рас. Кейін оны осы жерге шақырдым. Клубқа әкесімен бірге келді. Қақпашы болғысы келетінін айтты. Пысық екен, каратэден біраз жетістігі бар. Ол – шапшаң қимылдайтын, қайсар қыз. Алдағы жылы шетелде өтетін жарысқа жіберуді жоспарлап отырмыз», - дейді Берік Мұратәліұлы.

Дильназ
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазір қақпашы қыз Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сыныбында оқиды. Химия мен информатика пәндерін ұнатады. Бірақ болашағын футболмен байланыстырғысы келеді. 

«Әр спорттың өз ережелері мен талаптары бар. Сол себепті ұлдар командасында ұдайы ойнай алмайтынымды білемін. Алдағы уақытта қыздар командасына ауысқым келеді. Шеберлігімді шыдай түсіп, еліміздің және Еуропаның үздік клубтарында, ұлттық құрама сапында ойнағым келеді. Бұл – менің арманым», - дейді ол.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 12 мың жанкүйерге арналған стадион салынатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар