Еуропаны орман өрті шарпып жатыр
Өрт шыққан көптеген аудандарда ауа температурасы 40 градустан асып, өрт сөндірушілерге қиындық тудырып жатыр. Шілдеде Франция, Испания, Италия, Хорватия, Грекия, Түркия мен Мароккода орман учаскелерін жалын шарпыған.
Еуроодақ жанындағы табиғи апатқа жедел әрекет ету қызметі Copernicus Еуропаның оңтүстігі мен Африканың солтүстігіндегі өрт таралу қаупі бар аймақтарды көрсететін карта жариялады.
Ғалымдар соңғы жылдары қолайсыз ауа райына байланысты табиғи катаклизмнің жиілеп кеткенін атап өтті. Адам әрекеті салдарынан климаттық өзгерістер орын алып, аптап ыстық тұрақты, қарқынды және ұзағырақ болып жатыр.
Жаһандық орташа температура индустрияға дейінгі деңгейден 1,1 градусқа асып кетті. Егер елдер атмосфераға парникті газ шығарындыларын азайтпаса, температура жоғарылай береді, дейді ғалымдар.
Бейсенбі Португалияның солтүстігінде 47 градус ыстық болып, 40 градуста тұрған. Испанияның оңтүстігінде термометр 40 градустан асып кеткен. Португалия мен Испанияда 300-ден астам адамның қатты ыстық пен түтін салдарынан денсаулығы нашарлап, қайтыс болған.
Жұма күні өрт құрбандарының бірі португалиялық гидроұшақ ұшқышы болды. Ол елдің солтүстік-шығысындағы Фош Коа қаласында өрт сөндіріп жүріп, апатқа ұшырады.
Испанияның оңтүстігінде теңіз жағасындағы Михас қаласында өрт шығып жатыр. Онда танымал курорт Коста-дель-Соль орналасқан. Өрт салдарынан 2300 адам эвакуацияланды.
Францияда табиғи өрт Атлант жағалауында шығып жатыр. Елдің оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде жағдай қиын. Онда төрт мың гектардан астам жер жанып, 11 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Соның ішінде танымал кемпингтерде демалып жүрген мыңдаған туристер бар.
Жұма күні Италияның солтүстігінде Адриатика жағалауындағы Бибионе курортын өрт шарпып, бірнеше демалушы теңізге сүңгуге мәжбүр болған. Оларды жағажай қызметіндегі құтқарушылар құтқарып алды. Сенбіден бері өрт сөндірушілер Венецияға жақын жерде өрт сөндіріп жатыр.
Бұған дейін Хорватияда орман өрті туралы ақпарат түскен еді. Өрт сөндірушілер ұшақтардың көмегімен Задар және Шибенек қалаларына жақын жерде өртпен күресті.
Грекияда құтқару қызметі бір тәулікте 51 өрт ошағын сөндірді. Қатты желден елдің орталығында, Аттика мен Крит аралында жаңа өрт қаупі бар.
Келесі аптаның басында метеорологтар ауа температурасы 40 градустан асатынын болжап отыр. Соның ішінде Британия мен Францияда. Британия метеоқызметі жоғары температураға байланысты тарихта алғаш рет ескертудің «қызыл» деңгейін жариялады.
Фото: www.bbc.com