Еуропаның Ислам ұйымдары Мьянма мұсылмандарының тағдырына алаңдаушылық білдіруде

АСТАНА.  3 тамыз. ҚазАқпарат - Еуропа Ислам Ұйымдарының Федерациясы (FIOE) Мьянма мұсылмандарының тағдырына алаңдаушылық білдіріп, халықаралық қауымдастықтан осы елдегі қантөгісті тоқтату ісіне араласуды талап етті, деп жазады www.muslim.kz сайты.
None
None

Федерация мәлімдемесінде: «Мұсылман-рохиньялықтардың азаматтық құқықтары толық аяқ асты етіліп, мемлекет оларға қатысты экстремистік идеология ұстануда және олардың елден босып кетуін талап етіп отыр», - делінген. Еуропа Ислам  Ұйымдарының Федерациясы осы діни-этникалық топ өкілдерін аяусыздықпен қыру мен қудалау олардың біржола жойылып кетуіне жол ашуы мүмкін деп қауіп білдіруде.

«ЕО пен халықаралық ұйымдар айуандықты тоқтату үшін өз ұстанымдарын қатаң түрде білдіруі тиіс. Бұлай көз жұмып отыра беруге болмайды. Халықаралық қауымдастық жаппай жазалауға негізделген осындай сұрақы саясаттың қандай қатері барын және шаралар қабылдауды кешіктірудің салдары қаншалықты ауыр болатынын жақсы біледі», - деп сақтандырады FIOE.  Федерация еуропалық мұсылмандарды Мьянмадағы бауырларын қолдау шараларын өткізуге және босқындар мен олардың отбасыларына ақша жинауға шақырды. Мьянмадағы бассыздыққа байланысты Адам құқықтарын бақылау жөніндегі ұйым да дабыл қағып, арнайы баяндама әзірледі. Онда Мьянма үкіметін діни-этникалық негіздегі қақтығысты реттеудегі әрекетсіздігі үшін айыптады. Жергілікті билік Аракан провинциясындағы 100 мың мұсылман босқынды сырт әлемнен оқшаулап тастаған. Оларға азық-түлік, баспана мен дәрігерлік көмек ауадай қажет.

Баяндамада: «Әскер озбыр тобырды күшпен басқан сыңай танытты, бірақ куәгерлердің айтуынша, үкімет сарбаздары шектен шыққан адамдардың мұсылмандарды өлтіріп, ауылдарды өртегеніне қол қусырып қарап тұрған», - деп жазылған.

Құқық қорғаушылар Мьянма үкіметі өз әскерінің тағылық әрекеттерін тез арада тоқтатып, гуманитарлық көмек жеткізуді қамтамасыз етіп және шетелдік тәуелсіз байқаушыларды жіберуге жағдай жасауы тиіс деп мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар