Еуропаның орталық аймақтарынан басталған су тасқыны Венгрияға жақындады
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Дунай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Венгрияның Будапешт қаласында су тасқынына дайындық шаралары күшейтілді.
Венгрияның Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, алдағы уақытта Дунай өзенінің деңгейі 8 метр 75 сантиметрге дейін көтеріледі. Бұл 2002 жылы болған табиғи апат көрсеткішінен 26 сантиметрге жоғары. Елдің премьер-министрі Виктор Орбанның айтуынша, Будапешт қаласына келе жатқан су массасы азаматтардың өміріне үлкен қауіп төндіріп отыр. «Жақын арада қала халқының дені қауіпсіз жерге көшірілуі мүмкін», - дейді ол.
Айта кетейік, Еуропадағы су тасқыны құрлықтың орталық аймақтарынан басталып, Чехия, Польша, Германия мен Австрияны жайлады. Енді, бұл қауіп Дунай өзені бойымен төмен орналасқан Венгрия, Словакия, Сербия, Болгария сияқты мемлекеттерге төніп тұр.