Еуропарламент Беларус басшылығына қатысты санкциялар енгізуді талап етуде
БРЮССЕЛЬ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Бейсенбі, 20 қаңтар күні Страсбургте өткен Еуропалық Парламенттің мәжілісінде еуропалық өкіметтерден Беларус басшылығына қатысты санкциялар енгізуді талап еткен қарар қабылданды,
деп хабарлады еуропарламенттің баспасөз қызметінен.
Қарар, 2010 жылдың желтоқсан айындағы сайлаудан кейінгі оқиғаларға қатысқан беларус шенеуніктерінің, судьялары мен қауіпсіздік қызмет өкілдерінің сапарларына тыйым салуға және олардың активтерін жауып тастауға үндейді. Құжат сондай-ақ, осынау оқиғаға ЕҚЫҰ аясында тәуелсіз халықаралық тексеру жүргізуге де шақырып отыр.
Оған қоса, Еуропарламент депутаттары Беларус Үкіметіне қарсы мақсатты экономикалық санкциялар енгізуді, оның ішінде Халықаралық валюта қоры, Еуропалық инвестициялық банк және Еуропалық қайта құру және даму банктері беріп отырған қаржылық көмектерді де тоқтатып тастауды талап етуде.
ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, президенттік сайлаудан кейін, 2010 жылдың желтоқсан айында, дауыс берудің нәтижесіне риза болмаған беларус оппозициясы Минскіде наразылық акциясын ұйымдастырған болатын. Өкімет акцияға қатысқан жүздеген адамды тұтқындады, олардың ішінде президенттікке түскен оппозициялық кандидаттар да болған. Еуроодақ өкілдері беларус өкіметін ұсталған барлық оппозиционерлерді босатуға және оларға тағылған айыптауларды алып тастауға шақырып. олай болмаған жағдайда Беларусқа санкциялар енгізілетінін мәлім етті.
Санкциялар енгізу туралы нақты мәселе 31 қаңтарда Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қаралатын болады.