Еуропарламент ЕО–АҚШ сауда келісімін ратификациялауды уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропарламент АҚШ президенті Дональд Трамптың қоқан-лоққыларына байланысты Еуропалық одақ пен АҚШ арасындағы сауда келісімін ратификациялауды уақытша тоқтатпақ. Бұл туралы ЕП-тегі жетекші фракция — Еуропалық халық партиясының басшысы Манфред Вебер ZDF телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Еуропарламент
Фото: Анадолы

«Біз кеше түнде қабылдаған алғашқы шешім өткен жылдың жазында Еуропа мен Америка Құрама Штаттары арасында жасалған осы келісімді ратификациялау үдерісін тоқтатады. Бұл америкалық өнімдердің ЕО-ның ішкі нарығына бажсыз кіргізілмейтінін білдіреді», деді Вебер.

Оның айтуынша, ратификацияны тоқтату — Вашингтонға берілген алғашқы белгі.

«Трамп кеше түнде көп нәрседен айырылды», деп мәлімдеді ЕХП көшбасшысы.

26 қаңтарда еуропарламент депутаттары АҚШ-тың өнеркәсіптік тауарларына салынған кедендік баждарды жоюға қатысты ЕП-тің ұстанымы бойынша дауыс беруі тиіс болған. Бұл — 2025 жылдың жазында Брюссель мен Вашингтон арасында жасалған келісімнің негізгі тармақтарының бірі. Алайда Politico газетінің дерегінше, Трамптың мәлімдемелеріне ашуланған кейбір депутаттар дауыс берудің мүлде өтпеуін қалайды, осылайша тарифтерді алып тастау туралы шешімді «қатырып» қоюды көздейді.

Трамп сенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде АҚШ Ұлыбританиядан, Германиядан, Даниядан, Нидерландтан, Норвегиядан, Финляндиядан, Франциядан және Швециядан әкелінетін тауарларға 10 пайыз көлемінде импорттық баж салығын енгізетінін мәлімдеген-ді.

Бұл баждар тараптар Гренландияны Вашингтонның «толық әрі түпкілікті иемденуі» жөнінде келісімге келгенге дейін сақталады. Трамптың айтуынша, бұл шешім 1 ақпаннан бастап күшіне енеді. Президент сондай-ақ 1 маусымнан бастап аталған баж мөлшерлемесі 25 пайызға дейін өсетінін нақтылады. Бұған қоса, АҚШ әкімшілігінің басшысы Еуропаның Гренландияға өз әскерін жіберу ниетін іс жүзінде сынға алып, мұны «өте қауіпті ойын» деп атады.

Ал Гренландия мен Данияда мыңдаған адам АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны басып алу жоспарына наразылық білдіріп, көшеге шықты.

Соңғы жаңалықтар