«Еуроспортта» 1 ай бойы Алматы туралы ролик көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында «Алматы туры - 2017» Халықаралық кәсіпқой көпкүндік шоссе веложарысының бесінші, мерейтойлық нұсқасын өткізуге орай ресми баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

null
Бұл туралы Қазақстан Велоспорт Федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.

Биыл «Алматы туры» халықаралық жарысы форматымен де ерекшеленіп отыр - Велосипедшілердің халықаралық одағы (UCI) регламенті бойынша шосседегі көпкүндік веложарысы жаңа статусын алды.

Баспасөз мәслихатында Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Әбіл Донбаев, Қазақстан велосипед спорт федерациясының вице-президенттері Аманбек Құлшықов пен Александр Винокуров, UCI техникалық консультанты Пьер Хатсебаут, сондай-ақ, «Astana Pro Team» командасының велошабандоздары Алексей Луценко мен Якоб Фульсанг сөз сөйледі.
null 

Талқылау барысында спикерлер бесінші «Алматы турының» ерекшеліктері, нақтырақ айтсақ, жарыстың жаңа форматы, қатысушы командалар мен қаланың дайындығы туралы айтып берді.

«Алматы туры - 2017» алғаш рет екі кезең бойынша өтеді. Өткен жылдары халықаралық веложарыс «критериум» форматында өтіп келді, қатысушылар бұл кезде айналма маршрутты қайта-қайта айналып өткен. Ал биыл велошабандоздар сөреден мәреге дейінгі қашықтықты өткеруі қажет, олардың арасында жатқан қалалық жолдың қашықтығы жүз шақырымнан асады. 
null 

«Алматы туры - 2017» жарыс жолы түрлі ландшафтта жатыр: веложарыстың негізгі бөлігі Алматы қаласының асфальт төселген көшелері болса, жарыстың мәреге жететін бөлігі таулы аймақ - бұл «Медеу» мұз айдынының территориясы.

Екінші кезеңнің мәресі «Медеуде» орналасқан жол жайлы Александр Винокуров айтып берді: «Қиын жол. Біреулер оңай деп ойлап қалуы мүмкін, бірақ 160 шақырым жүріп өткеннен кейін жолы тік емес трассамен мәреге жету қиын болады. Тікұшақтан жасалатын трансляциядан тауларымызды көрсетеді. Велоспорттың басқа спорт түрлерінен айырмашылығы осы ғой - жарыс өтіп жатқан елдің пейзажын тамашалауға болады». 
null 

«Алматы турының» бірінші кезеңі 30 қыркүйекте «Астана» алаңының маңында, Қазақ-Британ техникалық университеті территориясынан бастау алады. "Қалалық айналым" Төле би, Фурманов, Сәтбаев, Байзақов көшелерін, Абай даңғылын және Желтоқсан көшесін қамтиды. Мәре «Алматы Арена» территориясында болады. Жарыстың екінші кезеңі, 1 қазанда «Халық Арена» ғимаратының маңынан басталады да, велошабандоздар «Шығыс айналма жолы - әл-Фараби» шеңберімен жүреді, ал финалдық бөлігі Тұңғыш Президент Саябағынан «Медеу» мұз айдынына дейін жалғасып, осында мәре нүктесі орналасады.

«Алматы туры - 2017» қалалық тіршілік жағдайына бейімделген болады. Біріншіден, веложарыстың сөре мен мәре нүктелері белгілі бір ғимараттардың маңында орналасады, яғни көшелер мен жолдар қамтылмайды. Екіншіден, биыл жолдарды жабу процесі динамикалық әрі жылдам іске асырылады. Қатысушылар белгілі бір көшеге жетіп, межеге жеткеннен кейін жолдар қайта ашылып отырады. Сонымен қатар, «Алматы туры - 2017» көрермендері мен жанкүйерлерін қаладан веложарыс мәресі орналасатын «Медеу» мұз айдынына жеткізетін көлік ұйымдастырылады.  
null 

«Кейбір жолдар жабылатындықтан қала тұрғындарына ыңғайсыздық туындайды, бірақ соған қарамастан Алматы қаласының әкімшілігі «Алматы турын» өткізуге барынша қолдап, көмектесіп жатыр, - деп атап өтті Аманбек Құлшықов. - Алайда адамдар «Алматы турының» дәстүрлі турға айналғанын ұғынады, шарадан кейін олардан жылы лебіздер естіп жатамыз. Биыл біраз уақытқа қаланың орталығы жабық болады, сондықтан тұрғындар түсіністік танытады деп үміттенеміз. Оның үстіне, бұл ыңғайсыздықты барынша білдіртпеу үшін барымызды салып жатырмыз».

 «Алматы туры - 2017» велододасына әлемнің 17 елінен 20 команда қатысады. Дәстүрлі түрде жарысқа Қазақстан атынан жалғыз кәсіпқой команда «Astana Pro Team» шығады. Отандық команда алғашқы төрт жарыста да осы жарыста топ жарған еді. «Алматы туры - 2017» қатысушыларының ішінде Италия мен Франциядан проқұрлықтық командалар, әлемнің әр елінен келген 14 құрлықтық команда, сонымен қатар Өзбекстаннан, Словакиядан және Қазақстаннан 3 ұлттық команда бар.
null 

«Әдетте командаларды біз шақыратынбыз. Бұл жолы, жарыстан шамамен жарты жыл бұрын «Алматы турына» қатысқысы келетін командалардан көптеген хат алдық. Және солардың ішінен ең мықтыларын таңдауға мүмкіндік болды, - деп әңгімеледі Аманбек Құлшықов. - Әрине, бұл жарыстан кейін мұндай командалардың саны бірнешеге артады деп сенеміз».

 «Жарыс «Еуроспорт» арнасында тікелей эфирде көрсетілетінімен қатар, биыл Қазақстанның велоспорт федерациясы бұл арнада бір ай бойы Алматы жайлы ролик көрсетілуіне ықпал етті», - деді Әбіл Донбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. - Әлемнің елуден астам елі қаламыздың қалай өркендеп жатқанын тамашалай алады».

Сонымен қатар Пьер Хатсебаут баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне «Алматы Турының» төрт ұтыс жейдесін таныстырды. Жарыс жеңімпазына көк жейде арналған, үздік спринтерге - жасыл, үздік таулық күлгін жейде, ал үздік қазақстандық велошабандоз қазақтың дәстүрлі оюы бар жейдені киеді.
null 

Алексей Луценко мен Якоб Фульсанг өз кезегінде көрермендерге әсерлі әрі қызық жарыс өткізуге уәде берді.

Негізгі жарыс бөлігімен қатар, веложарыс ұйымдастырушылары велосипед спортының жанкүйерлері мен велоспортсүйер қауымға спорттық көңіл көтеру бағдарламасын дайындады. Оңтүстік астана тұрғындарына «Астана» велокомандасының жұлдыздарымен әңгімелесу, тіпті жарысып көру мүмкіндігі берілді.

Баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін Almaty Bike велосипедтерімен қалалық велосүйер қауымға арналған «Sprint of Almaty» спринтерлік жарысы өткізілді. Жарысқа кәмелет жасына толған, кәсіби емес велоспорт жанкүйерлері қатысты. Жалпы алғанда шараға 75 адам тіркелді.

Қызықты әрі қызу жарыста жартылай финалға шыққандар іріктеліп, кейін финалдық додаға үміткерлер анықталды. «Sprint of Almaty» жарысының қорытындысында әуесқой жарыстың 3 жүлдегері анықталып, марапатталды: 1-орын - Ахметбек Шынғыс; 2-орын - Айжарықов Руслан; 3-орын - Джанзаков Нияз.

«Sprint of Almaty» жарысында көзге түскен қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды, ал жеңімпаз материалдық сыйлықпен қатар «Тур Алматы - 2017» жарысына аккредитация ұтып алды, бұл арқылы жеңімпаз жарысты өз көзімен жарыс кавалькадесінде техникалық көлікпен жүру мүмкіндігін алды.

Негізгі жүлдегерлермен қатар "Miss Sprint of Almaty" анықталып, жеңіске деген ерік-жігері үшін көзге түскен қатысушыны марапаттады.

Бүгін «Алматы туры-2017» қатысушы командалардың таныстырылымы мен велошабандоздардың ресми жаттығуы өтеді. Ал жабылу салтанаты «Медеу» спорт кешенінің сахнасында ұйымдастырылады.
null null 

Соңғы жаңалықтар