«Еуровидение-2014» өтпей қалу шегінде
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Биылғы жылғы мамыр айында Копенгагенде өтуі тиіс «Еуровидение-2014» музыкалық конкурсы өтпей қалу шегінде тұр, деп хабарлады Утро.ру.
Әртүрлі себептермен бұл сайысқа қатысудан қазірдің өзінде 12 ел бас тартты. Өткен жылы шведтің Мальма қаласында сахнаға 39 елдің өкілдері шығып, олардың 26-сы финалда өнер көрсетті.
Алғашқы болып Хорватия, Словакия, Люксембург және Андорра бас тартатынын жариялады. «Украинская правда» газетінің жазуынша, бұл мемлекеттер қаржылық проблемаларын ілік қылуда. Сондай-ақ Сербия, Кипр, Босния мен Герцеговина және Болuария да осындай себеппен қатыспайтынын мәлімдеді. «Конкурсқа әзірлік құнын, сондай-ақ 2014 жылы бюджеттің қысқаруын ескере отырып, Болгария өз қатысушысын ұсынбайды», - делінген ұлттық телевизия хабарламасында.
Өз кезегінде, Чехия «Еуровидениеге» қызығушылық төмен болуын желеу етті. Марокко, Монако және Түркия да «Еуровидение-2014» конкурсына қатыспайтын болды, бірақ бас тарту себептерін түсіндірген жоқ.
Бұдан бұрын Ресей онда австриялық әнші Кончита Вурстының қатысуына орай музыкалық конкурсты трансляция жасауға тыйым салуға өтініш жасады. Ресейліктер шын аты-жөні Томас Нойвирт есімді бұл қызтеке-әншінің бірегей сахналық образда сақал қойып, әйел көйлегін және туфлиін киіп шығуына қарсы.
Өткен жылы Даниядан Эммили де Форест ән конкурсының жеңімпазы атанды. Ал ресейлік Дина Гарипова бесінші орынды қанағат тұтты.
Келесі конкурс Копенгагенде өтетін болған. Оның өтетін күні де белгіленіп қойған: «Еуровидение-2014» конкурсының жартылай финалы 6 және 8 мамырда, финалы - 10 мамырда өтпекші.
«Еуровидение» конкурсы алғашқы рет 1956 жылы өтті, содан бері жыл сайын өткізіліп келеді.