ЕҰУ-да академиктің құрметіне арналған дәрісхана ашылады

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат. 31 қаңтар күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі С.Зимановтың құрметіне арналған "С.Зиманов атындағы дәрісхананың" ашылу салтанаты болады.

ЕҰУ-да академиктің құрметіне арналған дәрісхана ашылады

Жиынға биыл 90 жасқа келіп отырған мерейтой иесі Салық Зиманұлының өзі қатысады. Сонымен қатар, Парламент депутаттары, Жоғарғы сот, Конституциялық кеңес, Бас прокуратураның өкілдері, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қызметкерлері, көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері болады.

С.Зиманов Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясын әзірлеуге атсалысқан заңгер. Ол Ата Заңымыздың әрбір бабы мен тармағының демократиялық ұстанымдарға сәйкес болуына баса назар аударды. Елге сыйлы, халқына қадірлі азаматтың жүріп өткен өмір жолы - өскелең жастарға үлгі. «Ғылым сардары» атанған академик С.Зиманов қазақ ғылымын биік белеске көтерген ғалым. Оның қаламынан шыққан мемлекет тарихы мен құқық саласына қатысты, саяси және құқықтық жүйе тарихы, конституциялық құқық, мемлекеттік құқық және саясаттану ғылымдары бойынша зерттеген еңбектері мыңдаған маманның өмірден дұрыс жол табуына себеп болды. Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз С.Зиманов Ұлттық ғылым академиясындағы құқықтану ғылымын ұйымдастырушы ретінде танымал.

Мемлекет және қоғам қайраткері Салық Зиманов 1921 жылы ақпанның 19-ында дүниеге келген. Соғысқа дейін мұғалім болып еңбек еткен ол 1940 жылы әскер қатарына шақырылады. Полктің штаб бастығы болған гвардия майоры Салық Зиманов майдандағы ерлік жолы үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Кавказ қорғанысы үшін» медальмен марапатталған.

Қоғам қайраткері С.Зиманұлы соғыстан кейін Бүкілодақтық заң институтының Қазан филиалын және КСРО Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын тәмамдады. Ол 200-ден аса ғылыми жұмыстың авторы, оның 12-сі монография, Мемлекет тарихы және Кеңестік Қазақстанның құқы атты үштомдық басылымның авторы, әрі жетекшісі.