ЕҰУ-дің «Аттракцион» театры астаналықтарға «Чикаго» қойылымын ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің "Аттракцион" студенттік жастар театры 15 наурызда баршаға танымал "Чикаго" мюзиклының жаңа қойылымын астаналық көрермендерге ұсынды.
Бұл күні "Астана" ұлттық сурет галереясында ине шаншар орын болмады. Көрермендердің қойылымды жылы қабылдады, деп хабарлайды аталған жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, "Аттракцион" студенттік жастар театры 2010 жылы құрылған болатын. Биыл ұжымға 5 жыл толады. Осы уақыт ішінде аталмыш театр Астана қаласы мен республикамызға кеңінен танылып үлгерді. Халықаралық және республикалық конкурстарға жиі қатысып жүр. Алған атақ, даңқтары жер жармаса да үлкен абыройға ие. Қойылымдарын ТМД бойынша көрсетуге лицензиялары бар. Бір сөзбен айтқанда, "Чикаго", "Мама Миа", "Құбыжық пен ару қыз", "Продюсерлер" қойылымдары өз көрермендерін тапқан.
Еуразия ұлттық универститетінің "Аттракцион" студенттік жастар театры әзірлеген мюзиклге қазақстандық модель Евгения Клишина (Рокси Харт), театр әншісі әрі әртісі Жанна Аксартова (Велма Келли), ал негізгі рөлді Назарбаев Универститетінің студенті әрі "Қазақстан дауысы" жобасының бұрынғы қатысушысы Нұрсұлтан Есенқұл сомдады. Режиссері, хореографы әрі мәтінін аударған Ильяс Данияров. Сондай-ақ, театрдың көркемдік безендірілуіне "Астана" ұлттық сурет галереясының директоры Лейла Махаттың ерекше үлес қосқанын да айта кеткен орынды.
Қойылымның соңғы дайындықтары 28 ақпан және 7 наурыз күні Еуразия ұлттық университетінің сахнасында көрсетілген болатын. Енді міне, "Аттракцион" студенттік жастар театры сол дайындықтарынан кейін өздерінің жаңа мюзиклын астаналықтарға ұсынып, көрермендердің алғыстарына бөленіп отыр.