ЕҰУ студенттері «Би аумағында» миллион ұтып алды

АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің би ұжымы «Samruk Dance Crew» байқауында 1 миллион теңге ұтып алды.

ЕҰУ студенттері «Би  аумағында» миллион ұтып алды

Елорда студенттері жастар арасындағы «Би аумағы» байқауында бірінші орынды еншілеп, 1 миллион теңге ұтып алды.

Іс-шараны Астана қаласының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен және «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе отырып, Наурыз мейрамына арнап ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты - талантты жастарды анықтау және ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау әрі жастар арасында би мәдениетіне қызығушылықты дамыту, жастар би командаларының арасында өңірлік байланыстарды нығайтуға ықпал жасау.

«Би аумағы» жобасы - бұл барлық биге құмар жастарды өз аясына баурап алатын біртұтас қозғалыс. Байқау тапсырмаларының алуан түрлілігі (үш минуттық қойылымнан бейнеклиптерге дейін) командалардың үнемі дамуына және жетілуіне шабыт береді.

Байқауға Қарағанды, Астана, Қостанай және Жезқазған қалаларынан 100-ден астам ұжым қатысты.

Екінші жүлделі орынды елордалық Назарбаев Университетінің «NU Dance Crew» ұжымы және Қостанайдың «Inter Dance» би ансамблі алғандығын, ал үшінші орынға «Dance PROject» елордалық командасы ие болғандығын атап өткен жөн.

Байқаудың қазылар алқасы құрамында Марат Омаров, Ярослав Мелехин және басқа көптеген қазақ сахнасының танымал жұлдыздары болды.