ЕҰУ студенттері ҚР Президентінің дәрісін тікелей эфир арқылы тыңдады

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақтың әл-Фараби атындағы  ұлттық университетінде оқыған дәрісін тыңдады,

ЕҰУ  студенттері ҚР  Президентінің дәрісін тікелей эфир арқылы тыңдады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Университеттің бас және оқу-тәжірибелік ғимараттарында орналасқан мәжіліс залдарында барлығы 1500 студент пен оқытушы-профессорлар құрамы жиналып, тікелей эфир арқылы Мемлекет басшысының Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойы аясында осы білім ордасында оқыған дәрісін ұйып тыңдады. Еуразия ұлттық университетінің студент-жастары Н.Назарбаевтың жастарға арнап айтқан әрбір нақыл сөзінен кейін қошемет көрсетіп, оның отандық білім мен ғылым саласын дамыту бойынша берген бағытына қолдау білдіріп отырды.

«Президентіміздің бүгінгі дәрісі бізге мол мағлұмат берді. Оның  бүгінгі қаржы дағдарысы мен отандық білімді дамыту мәселесі бойынша айтқан ой түйіндері біздің күнделікті оқу барысындағы барлық салаларға арналған дәрістердің бір жылдық жинағы десек те болады. Ал ең бастысы, біз Астанада отырсақ та сол жердегі ахуалды сезе алдық»,  дейді Еуразия ұлттық университетінің Инженерлік-құрылыс факультетінің 1 курс студенті Шыңғыс Айтжанов.