Эвакуацияланған халықтың ішінде 300-ге жуық дәрігер ем-дом жасап жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде тасқын салдары қатты сезіліп жатқан 6 өңірде медицина мекемелері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.
«Еліміздің медициналық ұйымдары штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Су тасқыны қиын болып отырған Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары секілді алты өңірде жедел медициналық көмек қызметтерінің, стационарлардың қабылдау бөлмелерінің және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының жұмысы күшейтілді. Іске қосылған 70 эвакуациялық пунктіде тәулік бойы дәрігерлер, орта медициналық персонал кезекшілік ететін медициналық посттар орналастырылған. 300-ге жуық медицина қызметкері жұмылдырылған», — деді ол.
Әйгерім Оразалиеваның айтуынша, су басқан аймақтарда дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдердің қоры жеткілікті.
«Су басқан аймақтарда орналасқан стационарларда барлығы 103 адам ем алып жатыр. Оның басым бөлігі Маңғыстау және Атырау облыстарында. Оларға хирургия, травматология, акушерлік және гинекология, педиатрия (су тасқынына байланысты емес аурулар бойынша) сияқты бейіндер бойынша медициналық көмек көрсетіледі», — деді министрліктің ресми өкілі.