Евамен жекпе-жек оңайға түспейін деп тұр - Фируза Шәріпова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде IBO Championship белбеуінің иесі Фируза Шәріпова мен WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, финляндиялық Ева Вальстрем арасында өтетін жекпе-жекке қатысты баспасөз мәслихаты өтті,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Евамен жекпе-жек оңайға түспейін деп тұр - Фируза Шәріпова

Жекпе-жек үстіміздегі жылдың 22 желтоқсанында Санкт-Петербургте өтеді деп жоспарланған. Айтулы бокс кешін «Хабар» телеарнасы Астана уақытымен 23:00-де тікелей эфирде көрсетеді.

«Жекпе-жекке негізгі дайындық өтті. Қазір уақытша үзіліс. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Осы уақыт аралығында қарсыласымның мықты және әлсіз тұстарын іздеумен болдым. Бірақ Евамен жекпе-жек оңайға түспейін деп тұр, өйткені ол - өте тәжірибелі боксшы. Сондықтан бұл менің кәсіби бокстағы ең ауыр жекпе-жегімнің бірі болғалы тұр. Дегенмен, жаттығу тиісті деңгейде өтіп жатыр. Бокс алаңына шығуға дайынмын», - деді Фируза Шәріпова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар, боксшы алдағы мақсаты - кәсіби бокста абсолютті чемпион атану екенін тілге тиек етті.

Боксшылар шаршы алаңға екінші жартылай орта салмақтағы екі белбеу үшін шығады. WBC тұжырымы бойынша Вальстремге тиесілі белбеу мен Фируза Шәріпованың IBO тұжырымы бойынша белбеуі жеңімпазға бұйырады.

«Жекпе-жек күні белгілі болғаннан бастап дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Сондай-ақ, қарсыласымыздың қыр-сырын танып білудеміз. Промоутер ретінде дайындық барысында ешқандай кедергі болған жоқ және жаттығуды өз деңгейінде жалғастырамыз. Дегенмен, қаражат жағынан проблема барын жасырмаймыз», - дейді боксшының менеджері Сергей Завилейский.

Боксшының менеджері әсерлі бокс кешін ұйымдастыру кем дегенде жарты миллион доллар тұратынын айтып, Фирузаның спорттағы жекпе-жектерін өткізуде үнемі қолдау білдіретін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғысын білдірді.

Еске салсақ, үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінде Фируза Шәріпова ресейлік Юлия Куценконы жеңіп, өз атақтарының бірін қорғап қалған болатын.

Одан бөлек, боксшы «Тақтар ойыны» сериалына түскісі келетінін айтып, «НВО телеарнасы сериалдарға басымдық беруді жөн санапты - онда біз де бағымызды сынап көрейік» деген болатын.