Эвелина Ежова Ташкенттегі Challenge Cup турнирінде топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілі Эвелина Ежова Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан Challenge Cup кезеңінің жеңімпазы атанды. Бұл туралы ҰОК хабарлады. 

Эвелина Ежова Ташкенттегі Challenge Cup турнирінде топ жарды
Фото: ҰОК

Отандасымыз гимнастикалық бөренеде орындалатын жаттығуда алтын медаль жеңіп алды. 

Финалда Эвелина Ежова 12,850 ұпай жинады.

Екінші орынды хорватиялық Тина Зельчич (12,650) иеленсе, өзбекстандық Дилдора Арипова (12,450) қола жүлдеге қол жеткізді.

Сондай-ақ, 24 мамыр күні Дияс Тойшыбек кермедегі жаттығуда күміс медаль еншіледі. Ал Алтынхан Темірбек қол тіреп секіру бағдарламасында үшінші орын алды.

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында бес медаль бар. Бұған дейін Эмиль Ахмеджанов еркін жаттығуда топ жарса, Дияс Тойшыбек ат снарядындағы жаттығуда қола медаль иеленген еді.

Айта кетелік Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан командалық көпсайыста күміс жүлде иеленген еді.