Эверестке көтерілу: Қазақстандық альпинистер 6186 метр биіктікте жаттығу жүргізіп жатыр

альпинизм
Фото: «Kazakh Everest Team» экспедициясының баспасөз қызметі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Kazakh Everest Team» экспедициясына қатысушылардың бір бөлігіне биіктегі акклиматизация ауыр соғып жатыр, бірақ жаттығу тоқтамайды. Бұл туралы экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаев айтты.

Экспедиция баспасөз қызметінің мәліметінше, альпинистер Айленд шыңына (6186 метр) сәтті көтерілгеннен кейін таудағы жаттығуларын жаңғыртты. 

спорт
Фото: «Kazakh Everest Team» экспедициясының баспасөз қызметі

Қазақстандық альпинистер тобы базалық лагерьден шығып, Кхумбу мұздығына қарай бағыт алды, ол 5700-5900 метр биіктіке 22 шақырымға созылып жатыр. 

Өткен аптаның ортасында «Kazakh Everest Team» экспедициясының қатысушылары алғашқы күрделі биіктікке – Айленд шыңына акклиматизациялық көтерілуге бел буғаннан кейін базалық лагерьге (5350 метрге) түскен болатын.

Экспедиция мүшелері экстремалды таулы жерлерге бейімделу қиын болады деп болжаған. Себебі, акклиматизация процесі оңай емес – бас ауруы, жөтел, құсу және тәбет пен күштің болмауы белгілерімен келетін гипоксия.

Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, бұл барлық жағдайда бола бермесе де, мұндай биіктікте және осындай жағдайларда жиі кездесетін құбылыс.

«Команда әдеттен тыс суық температураға бой үйретіп жатыр, әсіресе түнде. Базалық лагерьдегі тамақтануымыз да өте жақсы, организмнің барлық қажеттілігін өтейді, ақуыздың көзі ретінде ет, көкөністер, жылынатын сусындар бар. Белгілі бір қиындықтарға қарамастан, экспедиция мүшелері бұдан кейінгі өрмелеуге дайын деп санаймын», - деп атап өтті экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаев.

тамақ
Фото: «Kazakh Everest Team» экспедициясының баспасөз қызметі

Айтуынша, қазіргі уақытта базалық лагерьдегі ауа райы күрделі. Осы уақытқа дейін басқа елдерден келген экспедициялардың барлығы дерлік базалық лагерьге толық құрамда жете алған жоқ. 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты қазір Гималайдағы көптеген экспедиция көтерілу уақытын ауыстыруға мәжбүр болады.

«Kazakh Everest Team» II лагерьге дейін асығыс шығуға әрекет жасамайды, ал біз жаттығулар мен акклиматизацияны жалғастырамыз және базалық лагерьде беткейлердің жай-күйі және III лагерьдің экспедицияларды қабылдауға дайындығы туралы жаңалықтарды күтеміз. III лагерьді орнатудың болжамды күнін ешкім білмейді. Біздің міндеттеріміз: қатысушылардың хал-ахуалын тұрақтандыру, биіктегі жаттығуларды жалғастыру, альпинистік дағдылар мен дене шынықтыруды жақсарту, ең бастысы, қолайлы сәтті күту», - деді «Kazakh Everest Team» экспедициясының жетекшісі Мақсұт Жұмаев.

Команда Гималайдан байланыс болған кезде өз жоспарларын және қазіргі жағдайын хабарлайтын болады. Базалық лагерьде экспедиция қатысушыларымен бірге видеооператорлар бригадасы да бар. Олар планетаның ең биік шыңы Эвереске өрлейтін батыл қазақстандық команда туралы фильм түсіріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар