Евгений Больгерт бизнесті қолдау саласындағы кемшіліктерді атады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Евгений Больгерт өзінің депутаттық сауалында шағын және орта бизнесті қолдау деңгейінің төмендігі туралы айтты.

Евгений Больгерт
Фото: senate.parlam.kz

Сенатордың айтуынша, дамыған елдерде шағын және орта бизнес жұмыспен қамтудың 60%-ы мен қосылған құнның 50%-дан астамын қамтамасыз етеді. Қазақстанда шағын және орта бизнестің үлесі небәрі 35%, ал несие алуда 19%-ды құрап отыр. Бұл экономиканың осы маңызды құрамдас бөлігін қолдау деңгейінің аздығын көрсетеді. 

Депутат бір жыл бұрын Үкімет Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткенін, оның аясында өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 600 млрд теңге бөлу ескерілгенін атап өтті. Бұдан басқа, жоспарда «Даму» қорынан ШОБ несиесіне 50 млрд теңге субсидия бөлу қамтылған. Алайда, 2024 және 2025 жылға бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қаржы көзделмеген.

«Атап айтқанда, Өнеркәсіпті дамыту қорының ставкасы 7-ден 9%-ға дейін өсті. ШОБ осы қаржыландырудан зор үміт күтсе де, бизнестің үміті ақталмады және саланың болашағы дабыл қағуды талап етеді. Бұл ретте, Кешенді жоспарда 2029 жылға қарай өндірісті 4,5 есеге – 3 трл-нан 11 трлн-ға дейін ұлғайту, нақты көлем индексін жыл сайын кемінде 10% өсіммен 2,2 есеге арттыру туралы міндет қойылды. Егер оған жағдай болмаса, осы мақсатқа қалай жетуге болады? Кешенді жоспарға сәйкес және биылғы қаражатты ескере отырып, машина жасау саласының несиесін қаржыландыруды және субсидиялауды қамтамасыз етуді ұсынамыз. Өнеркәсіпті дамыту қорына қатысты қолжетімді несие беру мәселесін шешу керек, яғни серпінді өңдеуші кәсіпорындарға 3 пайыздан аспайтын мөлшерлемеде несие берген жөн», - деді Евгений Больгерт Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздегі жастар арасындағы зорлық-зомбылық пен қылмыстың өсіп келе жатқаны туралы депутаттық сауал жолдады.