Евгений Плющенко Астананың туған күніне орай мұз айдынында ерекше шоу көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік турне аясында Евгений Плющенко Астанада мұз айдынында ғажайып «Щелкунчик» шоу ертегісін көпшілік назарына ұсынады. Бағдарлама елорданың 19 жылдығына керемет сый болмақ, деп хабарлайды Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы.

Шілденің 6-сы мен 15-сі аралығында «Барыс Арена» стадионында елорда тұрғындары мен қонақтары ең үздік мәнерлеп сырғанаушылар мен мұздағы әлемдік акробаттардың, олимпиада мен хаалықаралық жарыстардың чемпиондары - Евгений Плющенко, Ирина Слуцкая, Никита Михайлов, Анастасия Мартюшева, Нодар Маисурадзе, белгілі канадалық мәнерлеп сырғанаушы Эмануэль Сандю мен басқаларының өнерін тамашалайды. Шоу Петр Чайковскийдің музыкасына жазылған неміс жазушысы-романтик Эрнст Гофманның «Щелкунчик и Мышиный король» ертегісінің желісі бойынша қойылған. Көрермендер алдында үздік мәнерлеп сырғанаушылар мен мұздағы акробаттар әдемі костюмдер киіп, әсерлі голограммалар мен бейнеэфффектілердің сүйемелдеуімен өз өнерлерін ортаға салады.
Айта кетейік, «Щелкунчик и Мышиный король» шығармасы көптеген жерде театрландырылған және көркем жобаларда сәтті пайдаланылған, бірақ ертегі мұз айдынында алғаш рет көрермендерге жол тартпақ.
Евгений Плющенко - он дүркін Ресей чемпионы, жеті дүркін Еуропа чемпионы, үш дүркін Әлем чемпионы, екі дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және екі дүркін Олимпиада чемпионы. Елордалық көрермендер танымал мәнерлеп сырғанаушының шығармашылығымен таныс. Өткен жылы спортшы Астанада «Снежный король 2. Возвращение» әлемдік шоуын қойып, көпшілік назарына 6 шоу ұсынған болатын, оның бәрі де аншлагпен өтті.




