«Евровидение-2015» байқауын шоу тарихында алғаш рет тек әйел адамдар жүргізбек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австрияның ORF ұлттық хабар таратушысы «Евровидение-2015» еурошоуын келесі жылы жүргізетін адамдардың есімдерін атады. Олар - Мириам Вейхсельбраун, Алис Тамлер және Арабелла Кьесбауэр. Бұл байқау тарихында оны үш бірдей әйел жүргізетін алғашқы оқиға.
Мириам Вейхсельбраун - Австрияның танымал тележүргізушісі, орталық телеарналарда қызмет атқарады. Алиса Тамлер болса бес шет тілін меңгерген, теледидардағы ойын-сауық бағдарламаларын жүргізеді. Арабелла Кьесбауэр шоу-бизнес әлеміне 90-шы жылдардың басынан бері атсалысуда, ол елдегі ірі ток-шоулардың жүргізушісі, қайырымдылық және құқыққорғау қызметтерімен айналысады.
ORF директоры Катрин Зехнердің айтуынша, жүргізушілерді таңдау ең алдымен «Евровидение-2015» байқауының идеясы мен «Building Bridges» ұранына негізделген. Бұл бойжеткендер түрлі жас ерекшеліктерімен ерекшеленіп, еуропалық халықтардың дәстүрлерін паш етеді.