Евровидениеге қатысып жатқан болгарлық өзінің Қазақстандағы атасын пір тұтатынын жеткізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Евровидение-2017» байқауының қатысушысы, қазаққа жиен болып келетін Кристиан Костов «Қазақпарат» ХАА тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді. 

Ол қазақтың қандай әндерін жатқа білетінін айтып, Қазақстанға тағы келу жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ өзінің кімді пір тұтатынын жеткізді.

Есіңізге түсіріңізші, сіз қай уақыттан бері музыкамен айналыса бастадыңыз?

Мен үнемі өзімнің ағам Даниельге қарап өстім. Оның фортепианода ойнағанына қызығатынмын. Музыкаға деген алғашқы сүйіспеншілігімді бес жасымда сезіндім. Сол кезден-ақ музыканы жай ғана бағалаушы емес, халыққа музыка сыйлаушы болуды армандай бастадым. Пианинода ойнап үйрендім. Кейінірек мен өз дауысыммен талантымды көбірек жеткізе алатынымды ұқтым.

Музыканы мүлдем тастап кету сіздің ойыңызда болды ма?

Ешқашан. Керісінше музыкаға қатысы жоқ нәрселермен қоштасқым келді. Заманауи әртістің өмірінде уақыттың 30-40 пайызы музыкаға арналады. Қалған уақыт сұхбаттар, әлеуметтік желі, әртүрлі түсірілімдерге кетеді.

Өзіңіздің алғашқы айтқан әніңізді есіңізге түсіріңізші және оны қашан, қай жерде орындадыңыз?

George Michael - Faith. Студияда ән жазу кезінде қандай қате жібергенім, қандай сәттерде қиналғаным әлі есімде. Әлем осындай керемет әншісінен айрылғаны өкінішті.

Қандай қазақ әндерін жатқа білесіз?

«Бір бала» әні. Оны маған әжем айтып отыратын. Мен үнемі қазақ халық әндеріне, бай фольклорына таңдана қарайтынмын.
Сіз Қазақстанда екі рет болыпсыз. Қай қалаларында нақтырақ? Екі ретінде де Алматыда болдым. Ол менің сүйікті қалам. Бір жағынан ірі мегаполис болса, екінші жағынан таулары өте жақын, табиғаты әсем. Мен алғаш рет Алматыда екі жасымда болдым. Әрине, ол кезде Қазақстандағы өзгерістерді түсінуге өте кішкентай болдым. Ал қазір әлеуметтік желілерде фотосуреттерді көріп, елдің өте жылдам дамып келе жатқанын көрем. Әсіресе Астананың сәулеті мен Алматының метросына сүйсіне қараймын.

Қазақстан туралы қандай естеліктер ойыңызда қалды?

Қонақтар! Қонақтар! Қонақтар! Әр кез түрлі мерекелер, отбасылық мейірім мен құндылықтар. Сондай-ақ Алматының апортын сағынамын.

Сіз Ресейде дүниеге келдіңіз, қазақша ата-әже тәрбиесін алдыңыз, байқауда Болгария атынан шығып жатырсыз. Осы елдің қайсысы жүрегіңізге жақын?

Менің мәдени түп-тамырым мені байыта түскендей. Бұл үш ел де мен үшін өте қымбат. Евровидение байқауының басты мақсаттарының бірі мәдени деп ойлаймын. Музыка тұтас ұлттарды жақындатады.

Өз репертуарыңызға қазақ әндерін қосқыңыз және Қазақстанға гастрөлдік сапармен келгіңіз келе ме?

Гастрольмен міндетті түрде келемін. Қазақтың бесік жырларын джаз стилінде орындауды бұрыннан ойлап жүрмін. Себебі бұл әндердің әуенінде қазақ халқының мыңжылдық тарихы жатыр. Ал жаңаша бағытта бұл әуендер миллиондаған жандардың жүрегіне жол табады деп сенемін.

Сіздің шығармашылық бағытта пір тұтатын адамыңыз кім?

Ол менің атам. Жасы 85-те. Отбасылық басқосуларда кейбір эстрада әншілерінен кем айтпайды. Оның дауысын тыңдап өзімнің музыкалық қабілеттерімнің қайдан келгенін түсінемін.

Естеріңізге сала кетейік, Кристиан Костов «Евровидение-2017» байқауына Болгария атынан қатысып жатыр. 17 жастағы әнші байқаудың 21-ғасырда туған алғашқы қатысушысы. Ол Мәскеуде дүниеге келген. Әкесі - болгар, анасы - Қазақстанның тумасы. Жеребеге сәйкес Кристиан Костов 11 мамырда екінші жартылай финалда өнер көрсетеді. Ал байқаудың ақтық додасы 13 мамырда Киевте өтеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram