ЭЫДҰ Қазақстанмен арадағы қатынастарға айрықша мән береді - Маркос Бонтури

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елдік бағдарлама ұйым үшін және Қазақстан мемлекетіне де үлкен мүмкіндіктер жасайды. Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасында елдік бағдарламаны талқылау бойынша семинар барысында аталған ұйымның Сыртқы байланыстар жөніндегі хатшылықтың директоры Маркос Бонтури мәлім етті.

ЭЫДҰ Қазақстанмен арадағы қатынастарға айрықша мән береді  - Маркос Бонтури

«Қазақстан осындай бағдарламаны жүргізу үшін таңдалған төрт мемлекеттің бірі болып табылады. Осы орайда Қазақстанның елдік бағдарламасын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Қазақстан арасындағы қатынастарды әрі нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеміз»,-деді ол.

М. Бонтури ұйым Қазақстанмен көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқанын айта келе, бұл бағдарлама ынтамақтастықтың жаңа кезеңіне бастау болатынын атап өтті.

«Біз Қазақстанмен арадағы қатынастарға айрықша мән береміз. Бұл тұрғыда аталған бағдарлама өзара тиімді болатынына сенімдімін. Елдік бағдарлама ұйым үшін және Қазақстан мемлекетіне де үлкен мүмкіндіктер жасайды. Алдағы алты айда біз қазақстандық достарымызбен тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз. Осы бағыттағы жұмыстар бағдарламаны пысықтауға негізделеді», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі кездесудің басты тақырыбы - Қазақстан Республикасы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастықтың елдік бағдарламасы жобасын талқылау.

Қазіргі уақытта Елдік бағдарлама жобасы мемлекеттік басқару, фискалды саясат, бәсекеге қабілеттілік, іскерлік ахуалды жақсарту және тұрақты даму сынды салалардағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды болжайды. Бұл тізім кеңейтіле түсуі мүмкін. Е.Досаевтың айтуынша, бағдарламаның нақты мазмұны жыл соңына дейін келісіліп, қол қойылатын болады.