ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті - Экономика министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан, ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР-дың Франциядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Париж қаласындағы Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы ҚР-дың Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов және бірқатар министрлік өкілдері қатысты.

Ведомствоаралық жұмыс тобы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастық шеңберіндегі өзекті мәселелерді, оның ішінде Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын қаржыландыру, ұлттық заңнаманы ЭЫДҰ нормаларына сәйкестендіру, сондай-ақ Ұйым құрылымдарындағы жұмысты жолға қою мәселелерін қарастырды.
«Бүгінгі таңда ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық - Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Алдағы жылдары ЭЫДҰ стандарттары негізінде реформаларды іске асыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр», - деді ҰЭМ басшысы.

«Ұлттық жоспарға сәйкес 2025 жылы ЭЫДҰ-ға қосылуға өтініш беруді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмысты жылдамдату керек. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар, әсіресе ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердің тәжірибесін пайдалануға қатысты жұмыстарды жандандыруы қажет», - деді Е.Қазыхан.
Кездесу қорытындысы бойынша ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық туралы бірлескен хаттамалық шешімдер әзірленді.
