ЭЫДҰ сарапшылары еліміздің орталық мемлекеттік органдарының басшылық буыны үшін семинар өткізуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сарапшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдарының басшылық буыны үшін семинар өтуде.

ЭЫДҰ сарапшылары еліміздің орталық мемлекеттік органдарының басшылық буыны үшін семинар өткізуде

«Мемлекеттік басқару академиясы мен ЭЫДҰ бірлесіп, семинар өткізуде. Шара мемлекеттік органдардың қызметіне бағдарланған алдыңғы қатарлы тәжірибелер мен саясат мәселелеріне арналған. Бұл семинар еліміздің мемлекеттік органдарының ЭЫДҰ-ның қолданыстағы стандарттары мен ұстанымдарына икемделуіне мүмкіндік береді», - деді академияның вице-ректоры Шолпан Есімова.

Семинар барысында мемлекеттік саясат саласындағы тәуекелді талдау, бағалау және басқару бойынша озық практика мен тәжірибе қарастырылуда. Аталған іс-шараға ЭЫДҰ Хатшылығының өкілдері, ЭЫДҰ-ға мүше елдер үкіметтерінің, атап айтқанда Канада, Италия, Франция, Түркия, Германия, Нидерланды, Чилидің жетекші сарапшылары, орталық мемлекеттік органдар құрылымдарының басшылары, сондай-ақ Назарбаев Университеті мен Академия құрылымдарының басшылары қатысуда. Семинар барысында қатысушылар Қазақстанның ерекшеліктері мен жағдайларын ескере отырып, мемлекеттік саясатты талдау мен бағалаудың, мемлекеттік басқарудағы тәуекел-менеджменттің негізгі аспектілерін талқылайды.