«Эйр Астана» Алматы-Ақтау бағытындағы ұшақтың әуежайға қайта қону себебін түсіндірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» әуе компаниясы Алматыдан Ақтауға ұшып шығып, қайтып оралған Airbus А320neo ұшағы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Эйр Астана» Алматы-Ақтау бағытындағы ұшақтың әуежайға қайта қону себебін түсіндірді

25 сәуір күні Алматы-Ақтау бағытындағы КС 857 рейсін орындаған Airbus А320neo ұшағы әуежайға қайтып қонды.

«Әуежайға қайта қону туралы шешім халықаралық қауіпсіздік процедураларына сәйкес қабылданды. Қону штаттық режімде жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта әуе компаниясы ұшаққа толық техникалық бақылау жүргізіп, қажетті шараларды атқарып жатыр. Жолаушылар басқа ұшақпен сапарын жалғастыра алады. Қауіпсіздік ­­­- әуе компаниясының басты мақсаты», - деп хабарлады «Эйр Астана» АҚ-ның корпоративті байланыс департаментінен.

ӘК-ның хабарлауынша, ұшақтың қайта әуежайға оралуына ұшақ қозғалтқышының май деңгейін көрсететін жүйенің істен шығуы себеп болған.