«Эйр Астана» әуе компаниясы рейстер санын ұлғайту мақсатында «Embraer 190» ұшағының алтауын сатып алмақ
АЛМАТЫ. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - «Эйр Астана» әуе компаниясы Қазақстан ішінде және ТМД кеңістігінде рейстер санын ұлғайту мақсатында «Embraer 190» ұшағының алтауын сатып алмақ.
Бұл туралы бүгін Алматыда «Эйр Астана»: табысқа толы 9 жыл, жаңа лайнерлер, Еуразия кіндігінен тарайтын жаңа бағыттар» атты тақырыпта өткен арнайы баспасөз мәслихатында белгілі болды.
"Эйр Астана" АҚ-ның президенті - Питер Фостердің айтуынша, үстіміздегі жылы аталмыш ұшақтардың үшеуі операциялық лизингке, 2012 жылы екеуі меншік қаражатына, біреуі операциялық лизингке алынбақ. "Алғашқы «Embraer 190» ұшағы Алматыға 30 сәуірде әкелініп, ішкі бағыттарда тұрақты рейстер орындауға кірісті. Атап айтқанда, Алматыдан Қарағандыға, Павлодарға, Ақтауға және Атырауға, ал Орталық Азиядағы аймақтық бағыттарда - Алматыдан Ташкентке, Тәжікстан астанасы Душанбеге және Қырғызстан астанасы Бішкекке ұшуда. Рейстерді орындау үшін Парижде Ұшу қауіпсіздігі халықаралық орталығында 23 ұшқыш арнайы оқудан өтті. Жаңа пилоттардың оқуы одан әрі жалғаса беретін болады. Алдағы уақытта авиалайнерлердің санын одан әрі ұлғайта беретін боламыз. Алматыдан Азия мен Еуропа елдеріне алыс қашықтыққа әуебайланыстарды көбейтеміз. Бұл орайда айта кететін жайт, ағымдағы жылдың 2 маусымында Грузия астанасы Тбилиси қаласына және Ресейдің Самара қаласымен әуебайланыс орнатылатын болады",-деді ол.
Оның айтуынша, аталмыш ұшақтардың жетілдірілген дизайны, ыңғайлылығы, үнемділілігі мен техникалық қызмет көрсетудегі жұмсалатан шығындардың аздығы себептерінен таңдап алынған. "Embraer" ұшағының ұшу алыстығы, үнемділігі, мөлшерлері мен жайлылығы компанияның мұқтажына әбден лайық",-деп атап өтті компанияның президенті Питер Фостер баспасөз мәслихаты барысында.
«Embraer 190» ұшағы -97 кісілік қызмет көрсетудің екі кластерін қамтиды. Ұшудың барынша алыстығы - 4 200 шақырым.
Жиын барысында компанияның 9 жылдық қызметіне баға берілді. Компания президенті Питер Фостердің айтуынша, 9 жыл ішінде «Эйр Астана» 14 039 696 жолаушы тасымалдап, 173 224 астам рейс орындаған. 2010 жылдың нәтижесі бойынша, жолаушы сыйымдылығы 4 пайызға өскен. Тасымалданған жолаушылар саны 17 пайызға артып, 2,59 миллион адамды құраған.