«Эйр Астана» әуе компаниясына рейсін кешіктіргені үшін айыппұл салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Эйр Астана» әуе компаниясына рейсін кешіктіргені үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Көптің наразылығын тудырған рейстер кешігуінің артуына байланысты 18 шілдеде комитет төрағасы Талғат Ластаев «Эйр Астана» компаниясының өкілдерімен шұғыл кеңес өткізді. Компанияға әуе кемелерін коммерциялық жоспарлаудағы кемшіліктер, тұрақты рейстерді тоқтатуға жол берілмейтіндігі, әуе кемелерін алмастыру бойынша жедел әрекеттің жоқтығы, рейстердің кешігуі кезінде әуе компаниясы персоналының жылдам әрекет етпеуі сынды ескертулер айтылды. Кездесу нәтижесінде «Эйр Астана» резервті қамтамасыз ету үшін жеке ұшақ бөлді. Ол тек рейс кешігіп қалған жағдайда ғана пайдаланылады, - деп хабарлады ведомстводан.

Қазақстандық ірі әуе компанияларының акционеріне ұшақтардың кестесін жоспарлау бойынша жұмысты жандандыру ұсынылады.

Өзара іс-қимылды нығайту мақсатында «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ және «Эйр Астана» әуе компаниясы қызметкерлерінің қатысуымен Алматы және Орал қалаларының әуежайларында кездесулер өтті.

- Шілденің 16-сына жоспарланған Алматы-Мале рейсінің ұзақ кешігуіне байланысты екі күннің ішінде жедел түрде тексеру жұмыстары жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша бұл рейстің жолаушылары 15 сағаттан астам уақыт ұшуды күткені анықталды. Осы рейстің жолаушыларына күту кезінде «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 86-бабы 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақүйлерден бөлме берілмеген. Осыған байланысты 21 шілдеде әуе компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалып, 1 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінен.


Соңғы жаңалықтар