«Эйр Астана» Азиаданың ресми тасымалдаушысы болып танылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұндай дәрежеге қол жеткізіп отырған «Эйр Астана» Азия ойындары барысында шетелдік ресми делегаттар мен Ұйымдастыру комитетінің мүшелерін тасымалдауды міндетіне алады. Сондай-ақ, пошта тасымалдары қызметтерін де атқарады. Өзара келісімде жарыстың ашылу, жабылу салтанаттарына қатысып, қатысушылар мен ұйымдастырушылар үшін Астанаға чартерлік рейстер ұйымдастыру қарастырылған.
«Елімізде тұңғыш өткізілгелі отырған ауқымды шараға Азияның 32 елінен 2500-ден астам спортшы мен 10 мыңнан астам туристер келеді деп күтіп отырмыз. Осы орайда «Эйр Астана» компаниясы шетелдік спортшылар мен қонақтарға сенімді қауіпсіздік пен жоғары сапалы тасымалдау қызметін көрсетеді деген сенімдеміз», деді «2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ президенті Анатөлі Құлназаров.
Жолаушыларды тасымалдау барысында ұлттық әуе компаниясы ұшақтары Азиаданың логотиптерімен безендіріледі. Сонымен қатар, ұшақ бортында Азия ойындарының бағдарламалары мен спортшылар туралы мәліметтер беретін арнайы буклеттер мен экрандар қойылады.
«Компания міндетіне алған қызметті жоғары деңгейде атқара отырып, шетелдіктерге қазақ елі туралы жақсы әсер қалдыруға тырысады. Бізге сенім білдіріп, осындай мәртебе сыйлаған Азиаданың Ұйымдастыру комитетіне үлкен алғыс білдіремін», деді «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер.
Компания өкілдерінің айтуынша, авиатасымалдау барысында ұтыс ойындары ұйымдастырылып, жолаушыларға әуе билеттері, Азиада ойындарына кіру және қонақүй билеттерін ұтып алу мүмкіндіктері жасалады.