«Эйр Астана» қашан жекешелендірілетіндігі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» компаниясы 2019-2020 жылдары халықтық ІРО-ға шығырылады. Бұл жайында бүгін ҚР Үкіметі отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында ҚР қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Эйр Астана» қашан жекешелендірілетіндігі белгілі болды

«Бүгінгі күні терминал құрылысы бойынша жоба жүзеге асырылып, аяқталғаны белгілі. Әрине, ол оның (Эйр Астана компаниясының ) құнын арттыра түседі. Оны сол кезеңде сатып жіберген әлде құнының артқанын күткен дұрыс па еді? Қазіргі уақытта дәл осындай жайт «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы төңірегінде де болып отыр. Егер оны қазір сатар болсақ, нарық конъюнктурасы төмен болады. Бірақ, бұл кәсіпорын өндіретін өнімнің бағасы өседі деп күтілуде және сол кезде компания құны да арта түседі. Осыларды ескере келе біз бағасының шырқау шегіне жеткенін күтеміз. Халықтық ІРО-да сатудың болжамды мерзімі 2019-2020 жылдарды қамтиды», - деді Шолпанқұлов.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында мемлекеттік нысандарды жекешелендіру жайында баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2014 жылғы маусымнан бастап 2017 жылғы 23 маусымға дейін 125,5 млрд. теңгеге 451 нысан сатылды.

Сонымен қатар ол ұлттық басқарушы холдингтер құрамына кіретін мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен активтерді сатудан түсетін болжамды табыс 4-7 млрд. АҚШ долларын құрайдытындығын айтқан еді.