«Эйр Астана» компаниясынан өзге қазақстандық әуе компанияларының Еуропа аймағына ұшуларын Еурокомиссияның шектеуі жөнінде Қазақстан Республикасы ККМ баспасөз хабарламасы
АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат. Жаһандық қаржылық дағдарыс бүкіл әлем бойынша азаматтық авиацияның дамуына ерекше әсер етті. Тек 2008 жылдың өзінде әуе компанияларының жиынтық шығындары 8,5 млрд. АҚШ долларын құрады, болжам бойынша бұл сан 9,0 млрд. АҚШ долларына дейін жетуге тиіс.
Қазірдің өзінде 23 ірі әуе компаниялары өз жұмысын тоқтатқан және бұл әлі де шегі емес. Бұның барлығы әуе тасымалдаушыларының арасындағы әуе нарықтары үшін бәсекелестіктің қатая түсуіне алып келді, деп хабарлады ҚазАқпаратқа ККМ баспасөз қызметі.
Бұдан тыс, соңғы кезде көптеген адам құрбандығына алып келген әуе апаттары жиілеп кетті, сондықтан халықаралық әуе қоғамдастықтары халықаралық ұшуларды орындайтын әуе компанияларына қойылатын талаптарды қатайтуға бастамашылық білдіріп отыр.
Бұл үдерістің белсенді жақтаушыларының бірі ретінде еуропалық мемлекеттер мен әуе тасымалдаушыларының мүддесінде Еуропа Одағының аумағына жекелеген шетелдік әуе компанияларының ұшуына тыйым салу тәжірибесін қолданып жүрген Еурокомиссия алға шықты.
Қазақстан бойынша ұшуларды шектеу Майндағы Франкфурт, Амстердам және Лондон бағыттары бойынша Қазақстаннан Еуропаға 100 % тұрақты ұшуларын орындап жүрген және орындайтын «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысын қоспағанда, әуе кемелерінің ескірген парктері бар барлық әуе компанияларына қатысты болады. Бұл рейстер алдағы уақытта да орындалатын болады, тыйым салу тек жүктерді тасымалдау үшін және іскерлік мақсаттарда тұрақты емес негізде басқа қазақстандық әуе компаниялары орындайтын чартерлік рейстерге ғана қатысты болады.
Қазақстандық компаниялардың және ұлттық тасымалдаушылардың мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі соңғы айлар ішінде Еурокомиссия өкілдерімен бірқатар келіссөздер мен мәжілістер өткізді. Еурокомиссияның ескертулерін жою бойынша нақты іс-қимылдар жоспары әзірленді және бекітілді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, дипломатиялық арналар арқылы жұмыстар жүргізілді және Ұлыбритания, Нидерланды мен Литва сияқты Еуропа Одағына қатысушы елдер тарапынан Қазақстан қолдауға ие болды. Осы жұмыстың нәтижесінде «Эйр Астана» ұлттық тасымалдаушысы «қара тізімге» енгізілген жоқ.
Осы жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі осы мәселе бойынша кеңес өткізді. Онда мынадай қабылданған шаралар туралы айтылды:
- Азаматтық авиация комитеті инспекциясының штаты ұлғайтылды;
- азаматтық авиация субъектілерінің техникалық инспекциясы бойынша мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорын құрылады;
- халықаралық стандарттар бойынша инспекторлық құрамды оқытуға арналған қаржы қаражаты бөлінеді;
- әуе желілерінде пайдаланылатын барлық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығының нормаларына бақылау күшейтіледі;
- жаңа әуе компаниялар құруға қойылатын талаптар күшейтіледі;
- әуе кемелерінің парктерін жаңарту бағдарламасы іске асырылады.
Бұған қоса Қазақстан Республикасының Парламентіне ИКАО халықаралық нормаларына сәйкес келетін және ұшу қауіпсіздігін арттыратын «Әуе кеңістігін және авиация қызметін пайдалану туралы» заң жобасы енгізілді. Азаматтық авиация туралы жаңа Заңды осы жылдың аяғына дейін қабылдау жоспарлануда. Министрлік басшылығы бұл мәселені тұрақты бақылауға алып отыр.
Еурокомиссия жыл сайын «қара тізімді» қайта қарайды және біздің әуе компанияларымыз қазіргі заманғы әуе кемелерін сатып алуына және ұшу қауіпсіздіктерінің барлық стандарттарын орындауына қарай «қара тізімнен» алынып тасталатын болады.