Жаңбыршин тасқын кезінде билет қымбаттатқан тасымалдаушылар туралы: Оларға жалбақтайтын заман өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында тасқын кезінде билет бағасын қымбаттатқан тасымалдаушылдың мәселесін майшаммен қарауды сұрады.

Мәжіліс депутаты
Фото: parlam.kz

«Қазақта «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген сөз бар. Қазір еліміздегі бірқатар жолаушы тасымалдаушы компаниялардың іс-әрекеті осыны байқатады.  Өңірлердің басым бөлігін су басып, тұрғындар тілсіз апатпен күресіп, әбігерге түсіп жатса, кейбір әуе және темір жол компаниялары билет бағаларын шарықтатып жіберді. Ойлары – осындай күрделі сәтті пайдаланып, пайда тауып қалу. Мұны «Жығылған үстіне жұдырық» демегенде, басқаша не деуге болады?!» - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин бұл мәліметтерді баспасөзден оқығанын айта кетті. 

«Баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар, бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болды. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін көтерілген. Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен. Жол қатынасының қымбаттығы және әуе, темір жол көліктерінің аздығы, тұрғындардың су басқан облыстардан басқа өңірлерге кетуіне қиындық туғызып отыр. Елдегі көлік саласы тек қауіпсіз және сапалы болып қоймай, көпшілікке қолжетімді болуы керек. Осыны көлік компанияларынан талап ету қажет, ал тыңдамаған жағдайда мемлекет тарапынан қатаң шара алынсын! Оларға жалбақтайтын заман өтті», - деді ол.

Еділ Жаңбыршин тасқын аймақтарында көлік билетінен басқа заттардың бағасы да құбылып тұрғанын айтады. 

«Халық тасқынға қарсы жұдырықтай жұмылып жатқанда кейбір алып-сатарлар қара басының қамын күйіттеуде. Құны 50 теңге тұратын қапшықтың бағасын 200-300 теңгеге дейін өсіріп, асыра пайда тауып жатқандар да аз емес. Осындай күрделі кезеңде баға тұрақтылығын, әсіресе, тасқынға қарсы қолданылатын құрал-саймандардың және құрылыс материалдарының бағасын ұстау - мемлекеттің басты міндеті. 

Еліміздегі әуе, темір жол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағаларын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол бермесін. Әсіресе, топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аударсын.

Әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесін қарастырсын. 

Су тасқыны орын алған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы да басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алсын және өсуіне жол бермесін», - деді депутат.