Facebook желісі «мұсылман күнтізбесі» опциясын іске қосады
АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - Facebook әлеуметтік желісі өз тұтынушыларына григориандық күнтізбемен қатар мұcылмандық күнтізбені де ұсынбақ. Бұл жайында Arabian Business хабар таратты.
muslim.kz сайтының жазуына қарағанда, бастапқы кезде бұл опция Сауд Арабиясында іске қосылады. Содан соң, өзге де мұсылман елдері төл күнтізбесін пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Осыған байланысты аталмыш әлеуметтік желінің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймағының директоры Джонатан Лэбин жаңа опция саудиялықтарға таныстарымен хабарласуға кеңінен мүмкіндік беретінін мәлім етті.
Тоқтала кететін жайт, Facebook-ты шамамен әлем халқының 1,1 миллиард тұрғыны пайдаланатын көрінеді. Қазіргі уақытта осынау әлеуметтік желі Дубайдағы кеңсесі арқылы Таяу Шығыстағы өзінің әлеуетін арттырып келеді.