08:01, 25 Сәуір 2014 | GMT +5
Facebook журналистерге арналған жаңалықтар агрегаторын іске қоспақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі Facebook әлеуметтік жүйесі FB Newswire жаңалықтар агрегаторын іске қосады. Жаңа қызмет түрі журналистерге желідегі контенттерді БАҚ-тарға таратуға мүмкіндік береді.
Бұл туралы Facebook хабарламасында айтылған, деп жазады ИТАР-ТАСС. FB Newswire арқылы қоғамдық мәні бар оқиғалар бойынша маңызды фотосуреттер, бейнероликтер мен мәтіндер таратылатын болады. Бұл сервис Facebook парақшасы мен Twitter аккаунты арқылы қолжетімді. Мұндағы ақпарат нақты уақытта жаңартылып отырады. Жобаны әлеуметтік желілер контентін зерттеумен және оның БАҚ-тарда жариялау үшін нақтылығын тексерумен айналысатын Storyful компаниясы жүзеге асырмақ. Facebook мәліметтеріне сәйкес, күн сайын 1 млн. астам адам әлеуметтік желіні пайдаланып, жаңалықтар ағымын жасауға қатысады. Сондай-ақ компания қызметкерлерінің айтуынша, 2013 жылы Facebook-тан медиа-сайттарға сілтеме жасап берілетін жаңалықтар саны 4 есеге артқан.