Factcheck.kz & Meta серіктестігі нені білдіреді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін қазақстандық Factcheck.kz сайтының ақпаратты тексеру бойынша Meta компаниясының серіктесі атанғаны белгілі болды. Бұл Meta платформаларын қолданушылардың сенімді ақпарат тұтынуы үшін жасалып отырған қадам. Осы орайда агенттік тілшісі Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақовтан жаңа келісімнің мән-жайын сұрап білген еді.

 Фактчек
Фото: Фактчек

«Meta компаниясымен серіктестік корпорацияға тиесілі әлеуметтік желілерде таралған жалған немесе жартылай жалған ақпараттарды әшкерелеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Facebook-те ақпарат жарияланып, ол жалған болып шықса, жазбаның астына арнайы белгі қойылады, осылайша желі оқырмандарына жалған ақпарат таралып жатқаны ескертіледі. Сонымен қатар желідегі жазбаны одан әрі таратқан адамға «сіз жалған ақпаратты таратып жатырсыз» деген ескерту хабарлама келеді. Жалған ақпарат таратудың тағы бір кері салдары, қолданушының желідегі белсенділігі төмендейді, яғни жарнама беру мүмкіндігіне, монетизация жасауға және ақпаратты тарату мүмкіндігіне шектеу қойылады. Сол сияқты қаралым да азаяды», - деді Думан Смақов.

Оның айтуынша, жалған ақпараттарды таратқан желі қолданушыларына алдымен ескерту жасалады, яғни үзілді-кесілді шектеу қойылмайды.

«Біз бұған дейін де жалған ақпараттармен күресіп, оларды анықтаумен айналысып келеміз, енді жұмысты Meta компаниясымен бірлесе отырып жүргіземіз. Корпорацияға қарасты Facebook, Instagram және Threads желілерінде жеке кабинеттер болады, сол жерде жалған ақпараттарға белгі қойылып отырады. Әзірге бұл тізімде WhatsApp желісі жоқ, алдағы уақытта қосылады деген ойдамыз. Бұл жерде азаматтардың жеке мәліметтеріне қатысты қауіп жоқ, ақпарат қауіпсіздігі бұзылмайды. Себебі бізге желі қолданушылардың жеке аккаунттары қолжетімсіз. Жалпақ тілмен айтқанда, біз жарияланған жазбаның рас, өтірігін ғана анықтаймыз. Біреудің жеке басына қатысты мақсат, мүдде көзделмейді», - дейді ол.

Одан бөлек, Factcheck.kz ресурсының бас редакторы желіде жарияланған жалған контенттерді өшіру құқығы жоқтығын айтты.

«Біз желіге шыққан жалған ақпараттарды өшірумен айналыспаймыз, Meta компаниясының дезинформация бойынша серіктесіміз, ал жағдайлар бойынша біз ресми серіктес емеспіз. Тағы бір айта кететін жайт, екіжақты келісім ұзақмерзімді», - дейді Д. Смақов.

Айта кетейік, бұған дейін Factcheck.kz ақпаратты тексеру бойынша Meta компаниясының серіктесі атанғаны туралы хабарлаған едік.

Осылайша, Meta корпорациясы Facebook, Instagram және Threads желілеріндегі дезинформацияны әшкерелеу үшін қазақстандық Factcheck.kz сайтын вирусты дезинформация мен жалған ақпаратты анықтайтын бағдарламасына қосты.

Соңғы жаңалықтар