«Farabi hub» - ғылымды өндіріске енгізуді жеделдетеді
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі басымдығы ретінде университет ғылымын және инфрақұрылымын дамыту маңыздылығын үнемі назарда ұстап келеді.

Осыған сәйкес, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді.

ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында ашылған хабтың мақсаты – озық білімге, технологиялар мен ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, ғылыми әзірлемелер мен технологиялық идеяларды нақты экономикаға енгізуді жеделдету.
Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған «Ғылым, бизнес және өндіріс ықпалдастығы» атты форумда арнайы тоқталды.

– «Farabi Hub» университеттермен және ғылыми институттармен, сондай-ақ инвестор компаниялармен әріптестік байланыс орнатады. Бірлескен зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар әзірленеді. Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған ғылыми зертханалар ғылым мен технологияның әртүрлі салаларында зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жасауға мүмкіндік береді, – деді оқу орнының басшысы.
«Farabi Hub» орталығының жалпы ауданы 5000 шаршы метрді құрайды.
