Фариза қазақ поэзиясындағы қайталанбас тұлғалардың бірі - Шөмішбай Сариев

АЛМАТЫ. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Фариза қазақ поэзиясындағы қайталанбас тұлғалардың бірі.

Фариза қазақ поэзиясындағы қайталанбас тұлғалардың  бірі - Шөмішбай Сариев

Сенбі күні Алматыда өткен Фариза Оңғарысынованың жыр кешінде ақынның әріптесі Шөмішбай Сариев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз поэзияға келген кезде Фаризаларға қарап өстік. Әдебиетке біртіндеп келіп көрінетіндер бар, бірден жарқ етіп көрінетіндер бар. Қазақ поэзиясында бірден жарқ етіп көрінгендердің бірі - Фариза. Фаризаның поэзиясы ірі поэзиямен үндес», дейді Ш.Сариев.

«Фариза туралы бір нәрсе есіме түсіп отыр. Бибігүл Төлегенова апайымыздан сұхбат алғанмын. Сонда Бибігүл апамыз: «Мені қазақтың әйел әншісі, әнші әжесі деп айтпайды. Мен 70-ке, 80-ге келейін, мені халық қазақтың әнші қызы деп айтады», деген еді. Бүгінгі Фариза да мәңгі қартаймайтын қазақтың ақын қызы. Қазақ поэзиясында Жарасқан, Нұрлан, Темірхан, Кеңшілік бәріміз де Фариза поэзиясымен сусындап өскен ақындармыз. Сондықтан Фаризаны алып тұлғаға теңейміз. Қыз баланың поэзиясы, ер адамның позиясы жоқ. Сондықтан Фариза - поэзияның алып тұлғасы. Фариза шын мәнінде өлеңді аялап келе жатқан, өлеңнің айнымас досы болған адам. Поэзияны айнымас мәңгілік досындай сеніп, аялап келе жатқаны айқын», дейді Шөмішбай ақын.